ДИКТОР: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға қол қойды. Заң Қазақстан Республикасының 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленіп, мемлекеттік қызмет моделін одан әрі жаңғыртуға бағытталып отыр. Бұл туралы облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментінің басшысы Нұрқат Батырқұлов өңірлік коммуникациялар қызметінің аланыңда өткен брифинг барысында мәлімдеді. Әріптесім Лаура Елубаева баяндайды.
РКС: Жаңа редакциядағы Заңның негізгі бағытының бірі - мемлекеттік қызметтің миссиясын бекіту, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу және мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен әдептілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел институтын құру көзделіп отыр. Мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрлық форматқа көшірілді.
СНХ: НҰРҚАТ БАТЫРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Ендігі таңда мемлекеттік қызметке іріктеу, конкурс өткізу және кадр рәсімдерінің барлығын "Е-қызмет" жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл ашықтықты арттырады, адам факторларын азайтады, мемлекеттік қызметке қабілетті азаматтардың келуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, егер бос лауазым 3 айдан артық толтырылмаса, жүйе автоматты түрде конкурс жариялайды.
РКС: Сонымен қатар, "Мемлекеттік қызмет туралы" заңда жастар саясатына да ерекше мән берілген. Жаңа заңда жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, олардың кәсіби біліктілігін арттыру және мансаптық өсуіне жағдай жасау көзделген.
СНХ: НҰРҚАТ БАТЫРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Атап айтқанда, көлденең мансаптық өсу тетігін енгізеді. Кәсіби деңгеге қарай жалақы өседі, тәжірибе мамандықтарын ұстап қалуға мүмкіндік жасайды. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін қорғау күшейтіледі. Атап айтқанда, еңбек өтілі ұзақ қызметшілерге қосымша кепілдіктер, қосымша ақылы демалыстар, артық жұмыс үшін өтемақы, қызметтік ауысу кезінде тұрғын үй және көшу шығындарын өтеу қарастырылған.
РКС: Бұдан бөлек, заңда тәртіптік жазалармен қатар құқықтық ықпал етудің қосымша шаралары да қарастырылды. Осы ретте, құқық бұзушылықтың сипатына қарай ескерту жасау, қызметтік міндеттерді орындау сапасын бақылауды күшейту және әдеп нормаларын сақтауға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Бұл тетіктер мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен тәртіпті нығайтып, қоғамның сенімін арттыруға ықпал етпек.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ