ДИКТОР: Соңғы жылдары Ақмола өңірінде табиғи өсім қарқынының баяулағаны байқалады. Бала туу көрсеткіші де төмендеген. Халықтың басым көпшілігі ауылдық жерлерден ірі қалаларға, соның ішінде Астанаға және облыс орталығы Көкшетауға қарай қоныс аударуы байқалады. Жастардың жұмыс іздеп, шетел асуы және орта жастағы адамдардың өзге елге көшіп кетуі де халық санының ауықтқып тұруына ықпал етеді.
РКС: Ақмола облысындағы халықтың саны шамамен 791 мыңнан асты. Оның ішінде 57,9%-ы қалалықтар, 42,1%-ы ауылтұрғындары. Облысымыз көп ұлтты болып саналады. Оның 52,83 пайызын қазақтар, 31,93 пайызын орыстар, сондай-ақ украиндар, немістер, татарлар және басқа да ұлт өкілдері құрайды.
СНХ: АБАЙ ЖАҚЫПОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚҰЖАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ ІШКІ КӨШІ-ҚОНДЫ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Жыл басынан бері облысымызға 3755 шетел азаматы келді. Оның ішінде ТМД елдерінен –3378. Оларға уақытша тұруға рұқсат берілді және алыс шетелдің 377 азаматы белгіленген тәртіппен виза алды. Келген шетелдіктердің басым бөлігі Өзбекстаннан –1985, Ресей Федерациясынан – 690 және Тәжікстаннан -292. Келудің негізгі мақсаты –еңбек. Көші-қон жағдайын бақылау және заңсыз көші-қонға қарсы іс-шаралар барысында 1068 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. 182 шетел азаматын елден шығару туралы шешім қабылданды. 328 шетел азаматына Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берілді.
РКС: Соңғы деректерге сүйенсек, елордаға жақын аудандарға қоныс аударғандардың саны көбейгені байқалады. Сондай-ақ ауылдық жерлерден облыс орталығы Көкшетауға көшкендер саны жыл сайын артып келеді. Биыл Қазақстан Республикасының азаматтығына 296 шетел азаматы мен азаматтығы жоқ тұлға қабылданды. Оның 203-ы қандас бауырлар. Елімізден көшіп,шетелге тұрақты тұру үшін 118 азамат өтініш білдірген. Олардың басым бөлігі Ресейге, Германияға, Польшаға, Беларуське кеткен.
СНХ: АБАЙ ЖАҚЫПОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚҰЖАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ ІШКІ КӨШІ-ҚОНДЫ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Жалпы алғанда Ақмола облысындағы көші-қон жағдайы тұрақты. Сонымен бірге Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтарын көші-қон заңнамасын сақтауға назар аударамыз. Егерде сізге шетел азаматтары келген болса, олар туралы «Е-QONAQ» мобильді қосымшасы және Визалық көші-қон порталы арқылы полиция органдарына уақытылы хабарлауды сұраймыз.
РКС: Облыста былтыр 9179 сәби дүниеге келген. 2025 жылдың бірінші тоқсанында 2256 сәби дүниеге есігін ашқан. Ал 2026 жылдың осы кезеңінде 2078 бала дүниеге келді. Осы кезеңде акушер мамандар 11 егіз баланың аман-есен өмірге келуіне ықпал еткен. Ана мен бала денсаулығына жауапты мамандар бәрін бақылауда ұстап отыр.
СНХ: ЖҰЛДЫЗ ӘЛПІЛАМ, ОТБАСЫН ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ РЕПРОДУКТИВТІ ДЕНСАУЛЫҚ БОЙЫНША ШТАТТАН ТЫС МАМАН: Өткен төрт айда 2764 бала дүниеге келді. 4700-ден астам әйел диспансерлік есепте тұр. Болашақта дені сау, толыққанды жетілген ұрпақтарды өмірге келтіру үшін әр жүкті әйелдің денсаулығын бақылауда ұстау өте маңызды. Жас отбасыларға, жас жұптарға жүктілікті жоспарламас бұрын өмірге ұрпақтарын әкелуді жоспарлау алдында әйелдер кеңесіне жүгініп, арнайы дайындықтан өтсе екен дейміз.
РКС: Өңірге жыл сайын жүздеген этникалық қазақтар келіп, Қазақстан азаматтығын алады. Қазақстан азаматтығын алу үшін үміткер елде заңды түрде үздіксіз кемінде бес жыл тұруы, бұрынғы азаматтығынан бас тартуы,қазақ тілін және Конституция негіздерін білуі, сондай-ақ заңды табыс көзін дәлелдеуі тиіс. Этникалық қазақтарға, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларға, Кеңес Одағының құрамында болған бұрынғы республикалардың азаматы және еліміздің аумағында еңбек жолы бар жекелеген тұлғаларға жеңілдіктер қарастырылған. Құжаттарды тапсыру және толық ақпарат алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі Көші-қон қызметіне немесе egov.kz порталы арқылы өтініш беруге болады.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ