ДИКТОР: Ұлт руханияты мен мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген бір топ өнер майталманы марапат төрінен көрінді. Көкшетауда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған гала концерт өтті. Мерекелік кешке аймақтың түкпір-түкпірінен келген мәдениет саласының өкілдері қатысты. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Киелі Көкше - сал-серілердің, ақын-жазушылар мен өнер тарландарының мекені. Бүгінде сол сара жолды жалғаған мәдениет қызметкерлері ұлттық өнер мен руханияттың дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Салтанатты жиында аймақ басшысы Марат Ахметжанов мәдениет майталмандарына алғыс білдірді.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Президентіміз «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы. Өнері өркендеген елдің рухы әрқашан биік болады», – деген болатын. Бұл – сіздерге берілген зор баға ғана емес, сонымен бірге тарихи жауапкершілік пен биік сенім. Бүгін Ақмола өңірінің мәдениеті жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Театрлар мен музейлер, кітапханалар мен мәдениет үйлері, шығармашылық ұжымдар мен өнер мектептері – ел руханиятының алтын діңгегіне айналып отыр. Бірнеше жыл ішінде аймақтың мәдениет саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, көптеген мәдениет ошақтары ел игілігіне берілді. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыс өз жалғасын табатын болады. Бүгінде аймақтың мәдениет саласы тек ішкі руханиятпен шектелмей, халықаралық деңгейде де биік белестерді бағындырып, әлем сахналарында қазақ мәдениетінің абыройын асқақтатуда.
РКС: Биыл Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры үшін мерейлі жыл. Өнер ордасының құрылғанына - 30 жыл. Театр 1996 жылы 6-шы наурызда Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» спектаклімен шымылдығын ашқан еді. Содан бері көрерменнің көзайымына айнаған ұжым талай белесті бағындырып, тағылымды қойылым ұсынып келеді. Осы қара шаңырақтың негізін қалаушылардың бірі, өнер майталманы - Төлеубек Көңбайұлы Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік наградасымен марапатталды.
СНХ: ТӨЛЕУБЕК КӨҢБАЙҰЛЫ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ: Мен осы салада қызмет етіп келе жатқаныма 30 жылдай болды. 1996 жылы осында Шахмет Құсайынов атындағы қазақ-музыкалық драматеатрының 6 наурызда біз шымылдығын ашқан болатынбыз. Содан бері 30 жылдай уақыт өтіп кетіпті. 30 жылды біз ұлттық өнеріміздің, ұлттық мәдениетіміздің дамуына біраз үлес қостық деп айтсақ болады. Қосқан үлесімізді жоғары дәрежеде бағалап, лайық деп танып, Президентке, облыс әкімдігіне зо алғыс айтамыз. Біздің ұлттық өнеріміз, ұлттық мәдениетіміз дами береді дегенге нық сенімдімін.
РКС: Бүгінде өңірде «Халықтық» және «Үлгілі» атағы бар 130-ға жуық көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істейді. Солардың бірі - Егіндікөл ауданындағы «Сазды әуен» фольклорлық ансамблі. Бүгінде өнер ұжымы халқымыздың асыл мұрасы - халық әндері мен күйлерін дәстүрлі аспаптардың сүйемелдеуімен орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр. 2009 жылы құрылған шығармашылық ұжымның жетекшісі Амангелді Райханұлы осы жылдар ішінде талай шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнерді ұлықтау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Мәдениет саласындағы жемісті еңбегі мен өнерге қосқан үлесі үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
СНХ: АМАНГЕЛДІ РАЙХАНҰЛЫ, «САЗДЫ ӘУЕН» ФОЛЬКЛОРЛЫҚ АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Мәдениет саласында мен 96-шы жылдан бастап, 30 жылдай болып қалды. 2009 жылы Егіндікөл ауданында «Сазды әуен» фольклорын құрып, сол ансамбль осыдан 2 жыл бұрын «Халықтық» атағын алған. Сол ансамбльде қызмет етіп келе жатырмын. Домбырашылар ансамблінің жетекшісімін. Көптеген байқауларға қатыстық, талай шәкірттерім байқаулардан жүлделі болды.
РКС: Ұлттық мұраны ұлықтап, келер ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп жүрген музей қызметкерлері де құрмет төрінен көрінді.
СНХ: ГҮЛМИРА ЗАРАПОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТАРИХЫ МУЗЕЙІ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Мәдениет саласының үздігін» беріп жатыр. Музей саласы енді келешек ұрпаққа өнерімізді, тарихымызды сақтап, келешек ұрпаққа жеткізетін киелі орын ғой. Сондықтан сол жерде 20 жыл істеп, еңбегім жоғары бағаланып жатқаныма өте қуаныштымын!
СНХ: НҰРБОЛАТ ӘЛМЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Бүгін міне Ақмола облысы көркемөнерпаздарының гала-концерті өтіп, бәріміз үшін үлкен мереке болып жатыр. Мен өзім әдебиет және өнер музейінде 15 жылдан бері қызмет етемін. Осы 15 жылды облысымыздың, өңіріміздің мәдениеті айтарлықтай қарыштап дамыды депайта аламыз. Біз үшін бұл сала ыстық. Әріптестерімізді, жүлделі болып жатқан, марапат алып жатқан барша әріптестерімізді құттықтаймын!
РКС: Сондай-ақ мерекелік жиында «Өнер - халық қазынасы» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Үздіктерге ақшалай сыйлық, бас жүлдеге автокөлікке сертификат берілді.
ИНТЕРШУМ:
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ