ДИКТОР: Қазақ даласында 1920-1950 жылдар аралығы қасіретті жылдардың үнсіз куәсіне айналды. Ғасырлар бойы еркіндік үшін арпалысқан көшпелі халықтың тағдыры дәл осы кезеңде қыл үстінде тұрды. Себебі, аштықтан қаңыраған ауылдар, иесіз қалған қыстаулар, туған жерін тастап босқан жұрт, сол бір дәуірдің нәубеті еді. Осындай тарихи қасіретті кезеңнің ақиқатын зерттеп, ел жадында жаңғырту жолында еңбек етіп жүрген зерттеуші Аманай Сейітқасымовтың «1920-1950 жылдардағы Ақмола Көкше-Есіл, Атбасар өңіріндегі саяси қуғын-сүргін» және «Архив құжаттары негізінде Ақмола облысындағы қазақ ауылдарын кеңестендіру тарихы» атты қос бірдей туындысы жарық көрді.

РКС: Аманай Сейітқасымов ұлт тарихының қасіретті беттерін терең зерттеп, көмескі тартқан ақиқаттарды қайта жаңғыртуға ғұмырын арнап жүрген зерттеушілердің бірі. Ол бұл монографияларды жарыққа шығару үшін аянбай 5 жыл қатарынан еңбек етті. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық кезеңі елдің солтүстігінде мекен еткен 100 мыңнан астам адамның өмірін жалмап, талай шаңырақты қайғыға батырды. Оның еңбектері ХХ ғасырдың 1920-1950 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін, қолдан жасалған ашаршылық, Алжир лагері тарихы, Ақмола өңіріне жер аударылған халықтардың тағдыры мен жазықсыз жапа шеккен боздақтардың өмір жолын қамтиды.

СНХ: БЕКНҰР АМАНГЕЛДІ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КОМПЛАЕНС-ОФИЦЕРІ: Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық бұл біз үшін тарихымыздағы ауыр сындардың бірі. Бұл кісі тарихи мұрағаттарды ақтарып, үлкен еңбектерді жинап, соғыс кезінде тұтқынға түскен азаматтар бойынша, ашаршылық бойынша тың деректер осы кітапта.

РКС: Ғалым бұл еңбектерінде Солтүстік өңірді жайлаған нәубеттің қасіретін, сол кезеңде жапа шеккен қарапайым адамдардың ауыр тағдырын және тарихи деректерді терең зерделеп, шынайы қалпында қағазға түсірген.

СНХ: АЯУЛЫМ ӘЛМАХАНОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Осы Көкшетау өңірі Ақмола, Есіл, Атбасар өңірлеріндегі қуғын-сүргін ол солтүстік өңірдің шежіресі болып табылады. Бұл жай ғана жинақ емес, Аманай Асылбайұлының архивтерде көздің майын тамызып, экспедициялары арқылы жасалған үлкен жұмыс.

РКС: Кітап бетінде тарихтың қатпар-қатпар қойнауында қатталған қасіретті кезеңдердің ізі сайрап жатыр. Сол бір зұлмат жылдардың шындығын айқын бейнелеген кітаптың тұсаукесер рәсіміне ғалымның алыс-жақыннан келген, соның ішінде Башқұртстаннан әріптесі Роза Буканова және өңірдің зиялы қауым өкілдері мен руханият жанашырлары жиналып, тағылымды еңбекке құрмет көрсетті.

ИНТЕРШУМ:

СНХ:РОЗА БУКАНОВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: Аманай Асылбайұлының зерттеу тақырыптарына келетін болсақ, ол өте өзекті. Көп жерде толық көлемде ашылмайды. Қазақстан Республикасында ғалымдар мен тарихшылар үшін жасалған жағдайлардың арқасында саяси қуғын-сүргін, колхоз құрылысы және Екінші дүниежүзілік соғыс сияқты өзекті мәселелерді зерттеуге мүмкіндік бар екеніне мен қуаныштымын.

РКС: 1997 жылдан бастап ресми түрде белгіленген, 31-ші мамыр - Қазақстан тарихының ең ауыр да, ең қасіретті беттерін еске салатын күн. Бұл күні жазықсыз жапа шеккен, тағдыр тәлкегіне ұшыраған талай жанның рухына құрмет көрсетіліп, ХХ ғасырдың зобалаң жылдарында қаза тапқан миллиондаған адамдардың рухына тағзым етеді. Бұл ұрпақтан ұрпаққа жететін тарихи аманат.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ