ДИКТОР: Күні кеше шаһарда дербес деректерді қорғаудың конституциялық кепілдіктері мен цифрлық қауіпсіздіктің негіздеріне арналған ғылыми семинар өтті. Шара барысында азаматтардың жеке деректерін қорғау және әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Тілшіміз Евгений Варанкин баяндайды.

РКС: Соңғы зерттеулерге сәйкес, елімізде 11 миллионнан астам адам интернет кеңістігін пайдаланады. Оның 90 мыңнан астамы интернет алаяқтардың құрбаны болған. Жалпы, тұрғындардың тең жартысына жуығы түрлі кибершабуылдарға тап болып отыр. Қазір жеке деректерді қорғау мен интернеттегі цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналды. Осы бағытта ғалымдар мен цифрландыру саласының мамандары Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында арнайы семинарлар өткізіп, тұрғындарға цифрлық қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

СНХ: ҚАЗБЕК МАЙГЕЛДІ, «ҚЫТАЙ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Конституциядағы осы цифрлық технологиялар мен түрлі Deep Fake-тар бар, басқа да мәселелер бар, осыған тікелей Ата-Заңымызда бекітілуі және қорғау туралы кепілдік беруі – бұл азаматтарымызға әрине өзінің үлесін тигізеді. Алаяқтарға жолықпас үшін, олардың құрбаны болмас үшін, цифрлық кеңестікте қалай әрекет етуіміз керек, ол туралы ақпарат әлі көп емес. Біздің басты мақсатымыз – кеңірек осыны талқылау.

РКС: Жаңа Конституция азаматтардың цифрлық құқықтарын мемлекеттік деңгейде бекітті. Жеке деректерді қорғау және жасанды интеллектіні реттеу туралы заңдар қабылданды. Жасанды интеллекттің қарқынды дамуына байланысты мемлекет технологияларды қоғам өмірінің барлық саласында қауіпсіз қолдануға бағытталған жаңа нормаларды енгізуде. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде де деректерді қорғау бағытында жаңа жүйелер енгізілді.

СНХ: АЛЕКСАНДР ПАВЛОВ, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ОФИЦЕРІ: Ақпараттық қауіпсіздік, сондай-ақ қызметкерлер мен студенттердің жеке деректерін қорғау саясатын енгіздік. Сонымен қатар ақпараттық жүйелерді пайдалану тәртібі бекітілді. Тәуекелдерді азайту жұмысының негізінде «минималды артықшылық» қағидаты жатыр. Әр қызметкерге тек өзінің қызметтік міндетін орындауға қажетті ақпарат көлеміне ғана қолжетімділік беріледі. Жеке деректер туралы заң шын мәнінде қажет мәліметтерді жинауды талап етеді. Сондай-ақ, қызметкерлерді заңнама талаптары және ішкі саясаттармен тұрақты түрде таныстырып отыру маңызды бағыттардың бірі.

РКС: Мамандар интернетте қойылған әрбір лайк, жазылған пікір немесе іздеу сұранысы алаяқтардың пайдаланып кетуі ықтимал цифрлық із екенін айтады. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін антивирустық қорғаныс жүйелері, деректердің резервтік көшірмелері және қорғалған байланыс арналары қолданылады. Сонымен қатар, деректердің жіберілуін бақылайтын әрі құпия ақпараттың сыртқа шығуына жол бермейтін терең талдау жүйелері де сәтті енгізілуде.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ