ДИКТОР: Көкшетауда жергілікті басқару мамандарына арналған оқыту семинары басталды. Бағдарлама «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент академиясының бастамасымен ұйымдастырылған. Оған 150-ге жуық қатысушы жиналды. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, партия филиалдарының қызметкерлері мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері бар. Олар үш күн бойы заманауи басқару тәсілдері, көшбасшылық және тиімді коммуникация бағыттары бойынша білімдерін жетілдіреді.
РКС: Жаңа модульдік бағдарлама ауыл әкімдері мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кәсіби құзыретін арттыруға бағытталған. Оқу курсы жетекші жоғары оқу орындарының қатысуымен әзірленген. Семинар барысында қатысушылар салық, бюджет, өңірлік даму, саяси коммуникация, көшбасшылық және саяси науқандарды ұйымдастыру бағытында білім алмақ.
СНХ: ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ САЯСИ МЕНЕДЖМЕНТ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазір өте көп заңдарға өзгерістер енгізіліп жатыр. Жаңа Конституцияны қабылдадық. Жаңа Конституциясының аясында көп өзгерістер болады. Сондықтан ауыл әкімдерінен бастап, депутаттардың барлығына осы заңдарды түсіндіріп, олардың механизмдері қандай , қалай пайдаланамыз деген практикаға бағытталған бағдарламаны әкеліп отырмыз.
РКС: Халық сеніміне ие болған белсенділер ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, бірқатар түйткілдің шешілуіне ықпал етіп келеді. Дегенмен, ауыл әкімдерінің арасында мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ мамандардың бары да жасырын емес. Осы ретте оқыту бағдарламасында төртінші деңгейлі бюджетпен жұмыс істеу, ауыл экономикасын дамыту және жұмыспен қамту тетіктерін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілген. Сондай-ақ «Әкімдер мектебі» жобасы да қолға алынған.
СНХ: ЖАНДОС ҚАЛТАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ АУМАҚТЫҚ ЖҰМЫС ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Президенттің тапсырмасымен партия жанында арнайы Ауыл әкімдері мектебі ашылған болатын. Былтыр біз 1800 әкімге арнайы оқыту жасадық. Өйткені әкімдер әртүрлі деңгейден келеді, мектеп мұғалімі, бизнес саласынан келуі мүмкін. Яғни бюджеттен хабарсыз азаматтарымыз бар. Көбіне 4-ші деңгейлі бюджет бұл жаңалық. Сол себепті оқытамыз, нақты дағдыларды береміз, құралдар, арнайы скрининг өткіздік. Скринингтің нәтижесінде әр ауылдың қандай мықты тұстары бар, нені дамытуға болады, халықпен қандай кооператив аша аламыз деген, яғни «Ауыл аманаты» жобасы аясында ары қарай жұмыспен қамту мәселесі қаралады. Осындай инструменттер арқылы біз өзіміздің сайлау алды бағдарламамамызды, уәделерімзді орындау, және нақты әкімдердің негізгі мақсаты - халықтың әл-ауқатын жоғарлату, бағдарламаның басты мақсаты осы.
РКС: Оқыту семинары үш күнге жалғасады. Оның қорытындысы бойынша әрбір қатысушы қыркүйек айында өз жобасын қорғайды. Нәтижесінде арнайы рейтинг қалыптасып, кәсіби кадрлық резерв жасақталмақ.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ