ДИКТОР: Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлттық драматургияның дара тұлғасы Шахмет Құсайыновтың туғанына 120 жыл толып отыр. Айтулы мерейтоймен қатар, ұлы тұлғаның есімі берілген қазақ музыкалық-драма театры да өзінің 30 жылдық белесін атап өтуде. Өнер ордасы 1996 жылы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклімен шымылдығын ашқан. Содан бері театр шығармашылық тұрғыдан толысып, бүгінгі күні репертуар қорында 200-ден астам спектакль жинақталған.

РКС: Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мерейтой иелерін арнайы қонақ ретінде шақырып, Қазақстанға еңбегі сіңген актерлермен қуанышын бөлісті. Музей ұжымы өнер майталмандарын мерейлі даталарымен құттықтап, театр актерлерінің 30 жыл ішінде бағындырған белестері мен шығармашылық жетістіктерін көрерменге таныстырды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: МАНАРБЕК ҚЫДЫРБАЙ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Шахмет Құсайынов қазақ әдебиеті мен қазақ драматургиясына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлғалардың бірі. Ол кісі драматург ретінде ұлттық театр өнерінің дамуына зор еңбек сіңірді. Бүгінде Көкшетаудағы қазақ музыкалық-драма театрына Шахмет Құсайыновтың есімі берілуі - оның өнер мен әдебиеттегі еңбегіне көрсетілген үлкен құрмет. Дегенмен, көпшілік қауым Шахмет Құсайыновтың әдебиетке қосқан үлесін, жазған шығармаларын толық біле бермейді. Осындай тағылымды шараны ұйымдастырып, Шахмет Құсайыновтың мұрасын насихаттап жүрген тарихи-өлкетану музейінің ұжымына алғысымызды білдіреміз. Қазақ жастары Шахмет Құсайыновтың кім болғанын, оның әдебиет пен театр саласында қандай еңбек атқарғанын білуі қажет.

СНХ: ҚҰДАЙБЕРЛІ МЫРЗАБЕК, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ - ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Жалпы, ел ішінде «неге бізде қазақ театры жоқ?» деген әңгімелер жиі айтылатын. Халықтың сол арманы 1996 жылы орындалды. Сол жылы бұрынғы «Ақбидай» мәдениет үйінде тұңғыш қазақ театры ашылды. Ол кезде театр өнері мамандығын енді ғана тәмамдаған бірнеше жас маман келіп, осы өнер ордасының негізін қалады. Бүгінде сол буын өкілдерінің еңбегі еленіп, лайықты бағасын алып келеді. Соның бір дәлелі мәдениет қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында Төлеубек Көңбайұлына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының берілуі.

РКС: Төлеубек Көңбайұлы - осы қара шаңырақтың негізін қалаушылардың бірі. Жуырда өнер иесі Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік наградасымен марапатталып, ел мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегі жоғары бағаланды.

СНХ: ТӨЛЕУБЕК КӨҢБАЙҰЛЫ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ: Мен алғаш осы театрға 1996 жылы келдім. Театр ашылған кезде аға буын өкілдері еңбек етіп жүрген еді. Сол кезден бері, міне, 30 жылға жуық уақыт осы киелі өнер ордасында қызмет етіп келемін. Бұл аз да емес, көпте емес. Осы жылдар ішінде театрмен бірге өсіп, талай белестерден өттік. Өзім де осы жылдар ішінде жүзден астам қойылымға қатыстым. Театрда әр актерге бірден үлкен роль беріле бермейді. Кейде шағын рольдердің өзі актерді шыңдайды. Сондықтан әр рольге үлкен жауапкершілікпен қарап, ізденіп, дайындалу қажет. Алдағы уақытта да театр сахнасында жаңа қойылымдармен көрерменді қуанта береміз деп сенемін.

РКС: 30 жыл ішінде театр сахнасында әлемдік классика мен қазақ драматургиясының үздік туындылары қойылып, трагедия, комедия, драма, эксперименттік спектакльдер және балаларға арналған қойылымдар сынды түрлі жанрлар қамтылды. Осы жылдар аралығында өнер ұжымы республикалық және халықаралық фестивальдерге қатысып, көптеген беделді жүлделерге ие болды. Театр талай мәрте көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, театр сыншыларының жоғары бағасын алып, ұлттық өнердің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ