ДИКТОР: 5 маусым - Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Осы айтулы датаға орай облыстық экология департаменті "Таза болса табиғат - аман болар адамзат" атты жас суретшілер байқауын ұйымдастырды. Шараға өңірдегі арнайы кешендерде тәрбиеленіп жатқан 31 бала қатысып, табиғатқа деген сүйіспеншілігін сурет арқылы жеткізді. Әріптесім Лаура Елубаева баяндайды.
РКС: Бұл жолы бүлдіршіндер табиғатқа деген сүйіспеншілігін қылқалам арқылы ақ параққа түсірді. Арнайы кешендерден қатысқан балғындардың бірі мөлдір өзен мен ну орманды салса, енді бірі көк аспан астындағы бейбіт өмірді суреттеген. Олардың туындылары арқылы туған жердің сұлулығын, жасыл әлемнің тынысын және қоршаған ортаны аялау идеясын аңғаруға болады. Осындай ерекше суреттің иегері - Томирис Баймулдина. Ол бұл байқауға Ақкөл ауданынан арнайы келді.
СНХ: ТОМИРИС БАЙМУЛДИНА, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ (АҚКӨЛ АУДАНЫ): Мен бір жылдан астам суретпен айналысып жүрмін. Көбіне табиғат тақырыбына қызығамын. Мұнымен шектеліп қана қоймай, мұғалім беретін түрлі тақырыпта да сурет салуға тырысамын. Сурет үйірмесіне қатысу арқылы мен өз мақсатыма нық келе жатырмын.
РКС: Байқау барысында қазылар алқасы әр жұмыстың мазмұны мен көркемдік ерекшелігіне мән беріп, үздік туындыларды анықтады. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ТҰРАР ҚАРТАМҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл байқауды біздер жыл сайын өткізіп тұрамыз. Байқаудың негізгі мақсаты - өскелең ұрпақты табиғатты аялауға, сүйіспеншілігіне, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізіліп тұрады. Байқау жас ерекшеліктеріне байланысты 5-10 жас аралығында және 11-14, 15-17 жас аралығында ұйымдастырылды.
РКС: Мұндай тағылымды шаралар өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттырады. Себебі, табиғатты аялау - болашаққа қамқорлық. Жыл соңына дейін мұндай шаралар әлі де жалғасын таппақ.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ