ДИКТОР: Бүгінде экологиялық туризм өңір дамуының маңызды стратегиялық бағытына айналып отыр. «Бурабай», «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи ұлттық парктері, Зеренді курорттық аймағы мен Ақкөл маңындағы демалыс орындарының да туристік әлеуеті жоғары. Табиғат аясындағы демалысқа сұраныстың артуы саланың қарқынды дамуына септігін тигізуде. Былтыр ұлттық табиғи парктерге келушілер саны 1 миллионнан асты.
РКС: Былтыр Бурабайда 8 жаңа шолу алаңы ашылды. Экосоқпақтар мен цифрлық бағыттар кезең-кезеңімен іске қосылып, келушілерге демалыстың жаңа, заманауи форматы ұсынылуда. Дегенмен, бұл салада шешімін күткен бірқатар кедергі де жоқ емес. Аймақтағы инфрақұрылымды дамыту, туристік қызмет сапасын арттыру, экологиялық мәдениеттің жеткіліксіздігі, маусымдық жүктеменің артуы. Бұл мәселелер кезең-кезеңімен қарастырылып, тиісті шешімдер қабылданып жатыр.
СНХ: ӘСЕМ МҰҚЫМОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Экологиялық мәдениеттің жеткіліксіздігі және геолокациялардың танымал болмауы да әсер етеді. Туристердің экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында экосоқпақтарда ақпараттық qr кодтар, телеграм боттар жұмыс істеп жатыр. Туристерге әртүрлі каналдар арқылы ақпаратты жеткіземіз. Экотуризм аймақ экономикасына оң әсер етеді. Туристер саны артады, жаңа жұмыс орындары болады. Табиғатты қорғау мен туризм арасындағы теп-теңдікті сақтау үшін туристік жүктемені дұрыс бөлу маңызды. Сол себепті қазіргі таңда тек танымал емес, болашағы бар жаңа бағыттарды дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Экологиялық талаптарды сақтау, табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру қажет.
РКС: Ауқымды бастамалар Көкшетауда да жүзеге асырылмақ. Қала аумағына 400 мыңға жуық ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. 25 гектар аумақты қамтитын жаңа экопарк салынып, өңірдің жасыл аймағы кеңеймек. Бұдан бөлек, Қопа көлінің жағалауы жаңартылып, алғаш рет толыққанды демалыс инфрақұрылымы бар заманауи жағажай аймағы пайдалануға берілмек.
СНХ: ШЫНАРБЕК БАТЫРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ ЖӘНЕ ДЕМАЛЫС ИНДУСТРИЯСЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Қаланың статусы биікке көтерілу керек, не десеңіз Көкшетау қаласы Қазақстандағы алдағы курорттық аймақтың орталығы. Көкшетауға келген қонақтар, Көкшетаулықтар алысқа бармай, қаланың табиғатын тамашалайтын мүмкіншіліктер жасалынып жатыр. Президентіміз Қазақстан бойынша «Таза Қазақстан» деген акцияларға жол ашып, қазір Қазақстанның әртүрлі жерлерінде табиғаттың ішінде үлкен өтіп жатқан акциялар бар. Ол біздің табиғатымыз үшін өте пайдалы, өте маңызды.
РКС: Биыл туристер саны 2 миллионға дейін жетеді деген болжам бар. 2028 жылға дейін 7 экопарк салу көзделіп отыр. Бұл бастамалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, экотуризмді дамытуға тың серпін бермек.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ