ДИКТОР: Көкшетауда Халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтті. Бүлдіршіндердің шат күлкісіне бөленген мереке жаңа жағалаудың екінші бөлігінің ашылуымен айшықталды. Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, қала тұрғындары мен бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.
РКС: Бұл күні қала төрі балалардың шат күлкісіне бөленді. Түрлі ойын-сауық бағдарламалары, әсем ән мен әсерлі билер, спорттық сайыстар мен шығармашылық өнер көрсетілімдері мерекенің сәнін кіргізді. Көңілді думанға жиналған бүлдіршіндер ерекше әсерге бөленіп, мерекелік алаң қуаныш пен шаттықтың мекеніне айналды. Былтыр Қопа көлінің жағалауында жаңа қоғамдық кеңістік ашылса, биыл жағалаудың екінші бөлігі пайдалануға берілді. Заманауи демалыс аймағы алдағы уақытта да кеңейіп, Көкшетаудың көркін айшықтай түспек. Аймақ басшысы салтанатты шарада атқарылған жұмыстарға тоқталып, жаңа нысанның тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ, бүлдіршіндерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, оларға жарқын болашақ пен бақытты балалық шақ тіледі.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Елімізде қолға алынған реформалар мен жаңа әлеуметтік бастамалар әрбір баланың сапалы білім алып, өз қабілетін дамытуға кең мүмкіндік береді. Төрге озып, тұғырына қонған жаңа халық Конституциясы бала құқығын қорғауға, қауіпсіз әрі бақытты ортада өмір сүруіне жағдай жасауға ерекше назар аударады. Бұл – әділетті әрі болашағы берік Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Біздің міндетіміз – сіздердің қабілеттеріңізді ашып, өздеріңізге сенім артып, мақсаттарға нық қадам басуға қолдау көрсету.
РКС: Мерекелік күннің әсерлі сәттерінің бірі – ұлттық дәстүр көрініс тапқан тұсаукесер рәсімі болды. Жиналған жұрт алдында сәбилердің тұсауы кесіліп, алғаш қадамдарына ақ жол тіленді.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Мереке аясында «Болашақ» оңалту орталығы мен «Достар» мәдениет сарайына жаңа «Газель» автокөліктерінің кілті табысталды. Балалар музыка мектебінің тәрбиеленушілеріне халықаралық «Планета искусств» фестиваліне қатысуға жолдама беріліп, халықаралық және республикалық байқауларда топ жарған 15 дарынды жас арнайы марапатталды. Балаларды қорғау күні қарсаңында әлеуметтік қолдау шаралары да назардан тыс қалмады. Жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған 22 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, көптен күткен қуанышқа кенелді. Олардың қатарында мүгедектер, жалғызбасты аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар бар.
СНХ: ҚУАНЫШ КӨШЕКБАЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен жалғыз басты анамын. Пәтер алған себебім, жесір әйелмін, күйеуім қайтыс болды. 10 жыл очередьте тұрдым. Аллаға шүкір бүгін бұйырды. Екі балам бар, қызым, ұлым. 10 жыл күткен пәтерімді алып жатырмын, Аллаға шүкір. Қызым 17-де, студент. Ұлым 8-де. Мүгедек бала. Барлығына рахмет айтамын. Аллаға шүкір бәрін нәсіп етіп жатқан. Екіншіден әкімшілікке, қаланың әкімдігіне, отбасы банкқа бәріне рахмет айтамын. Қуанышымда шек жоқ, әлі сенбей тұрмын.
РКС: Сондай-ақ заманауи спорт алаңдарының жұмысы таныстырылды. Спорттық сайыстар мен шығыс жекпе-жектері бойынша әсерлі көрсетілімдер көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, жағажайдағы волейбол мен футболдан халықаралық және ашық турнирлер өтіп, спорт түрлері бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
СНХ: АНАСТАСИЯ ЛЫСЕНКО, ЖАҒАЖАЙ ВОЛЕЙБОЛЫ ТУРНИРІНЕ ҚАТЫСУШЫ (РЕСЕЙ): Көкшетауда мұндай ауқымды спорттық шара алғаш рет өтіп отыр. Жаңа жағалаудың ашылуы – өңір үшін үлкен жаңалық. Облыс әкімінің айтуынша, бұл турнир алдағы жылдары дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ. Сол себепті біз де алдағы маусымдарда қайта қатыспақ ниеттеміз.
РКС: Мерекелік шара көңілді концерттік бағдарламаға ұласты. Дәл қазір қазақстандық эстрада жұлдызы Калифорнияның қатысуымен концерттік бағдарлама өтіп жатыр.
ИНТЕРШУМ:
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ