ДИКТОР: Өскемен қаласында өткен ұлттық өнерді ұлықтаған «Аламан құрақ – 2026» ауқымды жобасы Қазақстанның түкпір-түкпірінен 800-ге жуық шебердің басын қосты. Олар ұзындығы 2000 метрге жететін құрақ көрпе тігіп, ерекше рекорд орнатты. Халықаралық жобаға Ақмола облысынан 70-ке жуық қолөнер шебері қатысса, оның төртеуі Көкшетау қаласының тұрғындары. Ұлттық мұраны дәріптеп, құрақ өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қосқан көкшетаулық шеберлер арнайы марапатталды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: «Барқытбел» құрақ көрпесін тігуге шеберлер еліміздің 17 облысынан жиналды. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған «Аламан құрақ» жобасы ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатып, ерекше рекордпен есте қалды. Сан түрлі ою мен бояуы үйлесім тапқан құрақ көрпе көпшіліктің жоғары бағасына ие болды. Жобаға Нұргүл Абайхан жетекшілік етті. Көкшетауда марапатталған қолөнершілердің қатарында жас ұрпаққа білім беретін ұстаздар да, халыққа қызмет етіп жүрген сауда саласының өкілдері де бар. Олар негізгі жұмыстарынан бөлек, бос уақытында ұлттық өнерді дамытуға үлес қосып келеді. Кездесу барысында шеберлер халықаралық жобаға қатысудан алған әсерлерімен бөлісіп, құрақ өнерінің рухани маңызы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ ұлттық мұраны сақтау мен кейінгі буынға насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
СНХ: АЯНАГҮЛ УАТХАН, «АЛАМАН ҚҰРАҚ – 2026»ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСУШЫ: «Аламан құрақ» жобасына қатысқанымызға осымен 3-ші жыл. 2023-2024 жылдары Астана қаласында өтті. 2025 жылы Алматы қаласында Медеу мұз айдынында 660 құрақшы қатыстық. Әлемдік рекорд кітабына ендік. Рекордқа кірдік. Күміс медальменен марапатталдық. 2026 жылы Шығыс Қазақстанның Өскемен қаласында өтіп, 2-ші рет рекорд жаңарттық. Бұл жолы алтын медальмен марапатталдық. Әлемдік рекордтар кітабына ендік. Өте қуаныштымыз. 6 жастағы баладан 89 жастағы аналарымызға дейін қатысты. Ата-бабамыздан келе жатқан қолөнер болғандықтан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатырғой бұл. Соны әрі қарай насихаттау ретінде біз жалғастырып жүрміз.
СНХ: МӘНШҮК ҰЛЫҚПАН, «АЛАМАН ҚҰРАҚ – 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСУШЫ: Өте жоғары деңгейде өтті. Өте керемет өтті. Алда әлі дамытуға дайынбыз. Белестер көп бізде. Біз қалдырмаймыз, қанша құрақшылар болдық, бәріміз бір жерден басшымыз Нұргұл Абайхан ханымның бастауымен келеміз. Сол кісінің арқасында үлкен деңгейлерге шығып, үлкен белестерден шығып жатырмыз. Қандай размерде біз кесеміз, қалай тігеміз, бізге дайын кітапша береді. Сол кітаппен, матамен, бәріміз бір жерден, бір қолдан аламыз. Бәріміздікі біркелкі болып шығады.
РКС: Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған бастамаларға Ақмола өңірі де қолдау көрсетуде. Аймақта қолөнерді дамытуға арналған түрлі жобалар, шығармашылық кездесулер мен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын байқаулар тұрақты түрде өтіп жатыр. Мұндай шаралар шеберлердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп қана қоймай, жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға жол ашуда.
СНХ: БАҚЫТЖАН АЙДОСОВА, САЛТАНАТ САРАЙЫ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ҮЛГІЛІ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Қолөнерді насихаттап жүрген шеберлеріміз біздің мақтанышымыз. Былтыр «Киелі кимешек» шеруі болды. Одан қалды ер азаматтарымыз «Қара жорға» биін билеп, ұлттық өнерді насихаттады. Шараның негізгі басты мақсаты – ұлттық қолөнерді насихаттау, ата-бабамыздан қалыптасып келген мына өнерді жастар одан әрі жалғастырып, одан әрі алып кету керек қой.
РКС: Өскеменде тіркелген жетістік – жай ғана рекорд емес. Бұл – қазақ халқының ауызбіршілігі мен рухани байлығының, ұлттық өнерге деген құрметінің жарқын көрінісі. Осындай тағылымды бастамалар арқылы халқымыздың бай мұрасы дәріптеліп, ұлттық құндылықтардың маңызы арта түспек.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ