ДИКТОР: Өңірде көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. Қазірдің өзінде жалпы егістік алқаптың 80 пайыздан астамына дән сіңірілді. Шортанды ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Марат Ахметжанов көктемгі егіс науқанының барысымен танысып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанды аралады.

РКС: Ауданда көктемгі егіс жұмыстары толық аяқталған. Биыл аудан бойынша 250 мың гектарға жуық алқапқа ауыл шаруашылығы дақылы себілді. Нарық сұранысын ескере, майлы дақылдардың көлемі ұлғайтылып, дәнді және мал азықтық дақылдардың үлесі оңтайландырылған. Шаруашылықтар тұқыммен толық қамтылып, топырақ дайындау жұмыстары дер кезінде жүргізілген. Сонымен қатар, «Кең Дала-2» бағдарламасы аясында 32 шаруа қожалығына 5,6 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов аграрлық сектордың тиімділігін арттыру үшін заманауи технологияларды кеңінен енгізу қажет,-дейді.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Мемлекет тарапынан сіздерге өте зор қолдау көрсетіліп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығы саласына 200 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. Бұл агроөнеркәсіп кешенінің дамуын жеделдетіп, өндіріс көлемін арттыру үшін жасалып отыр. Ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Сондықтан шаруашылықтар жаңа агротехнологияларды енгізу талаптарын сақтамаса, мемлекеттік қолдаудан да қағылады. Біз барлық шаруашылықтарға бірдей қолдау көрсетеміз. Әркім иелігіндегі жер көлеміне сәйкес көмек алады.

РКС: Сапар барысында облыс әкімі «Нұр Астық» серіктестігінің жұмысымен де танысты. Бүгінде серіктестіктің егістік алқабы 73 мың гектардан асады. Биыл мұнда зығыр мен жасымық алқаптарының көлемі ұлғайтылған. Сондай-ақ кәсіпорын техникалық паркін жаңартып, мал шаруашылығын дамыту бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

СНХ: ЮРИЙ ИЛЬИН, «НҰР АСТЫҚ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Биыл зығыр алқабын 15 мың гектарға дейін ұлғайттық. Сонымен қатар, 3800 гектарға жуық жерге жасымық егілді. Күзде күздік дақылдарды сынап көруді жоспарлап отырмыз. Былтыр 200 миллион теңгеден астам қаржыны «ҚазАгроҚаржы» арқылы өтедік. Қазір тағы 1,5 миллиард теңге көлемінде қаржы тартып, жаңа техника алмақшымыз. Өз қаражатымыз есебінен де техникалық паркті жаңартып келеміз. Мал шаруашылығын да дамыта бастадық. Қазір мал басы шамамен 1900. Алдағы уақытта оны да көбейтуді көздеп отырмыз.

РКС: Жалпы аймақ бойынша көктемгі егіс жұмыстарының 80 пайыздан астамы аяқталды. Мамандар науқанның белгіленген мерзімде толық аяқталатынына сенімді. 1980 жылы пайдалануға берілген Шортанды кентіндегі теміржол вокзалы ұзақ жыл жөндеуді қажет еткен. Қазір нысандағы жұмыстың басы бөлігі аяқталған. Вокзал аумағын абаттандырылып жатыр.

СНХ: АРМАН НҰРМҰҚАНОВ, «INTEGRA CONSTRUCTION» СЕРІКТЕСТІГІ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл ғимарат толық бұзылып, қайта салынды десек болады. Тек қаңқасын ғана сақтап қалдық. Қазір жұмыстың 90 пайызы орындалған. Маусым айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар перрон мен жолаушылар платформалары да жөнделеді.

РКС: Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жаңғырту аяқталғаннан кейін вокзал жолаушылар үшін барынша қолайлы әрі заманауи талаптарға сай болатынын атап өтті. Сондай-ақ өңірдегі теміржол инфрақұрылымының сапасы жаңа деңгейге көтерілетінін жеткізді. Бұған қоса, ол сапаржай маңындағы саябақ салу жөніндегі бастамаға қолдау білдірді. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов Шортанды кентіндегі 36 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысын тексерді. Аймақ басшысы мұндағы құрылыс сапасы мен аумақты абаттандыру деңгейін сынға алып, жауаптыларға кемшіліктерді жоюды тапсырды.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ