ДИКТОР: Бурабай курортты аймағында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі-2026 жыл сайынғы велошеруіне 50-ге жуық адам қатысты. Акцияға дипломаттар, халықаралық ұйымдардың және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты. Біздің түсірілім тобы велошеруге барып, қатысушылармен тілдесіп қайтты.

РКС: Велошеруді ұйымдастырушылар қатарында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Тұрақты үйлестірушісінің кеңсесі және Тәжікістан Республикасының елшілігі де бар. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі – Азия мемлекеттері арасындағы сенім, қауіпсіздік және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұйым. Биыл ұйым хатшылығы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ұйымның бас хатшысы Қайрат Сарыбай бес жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан велошерудің халықаралық байланыстарды нығайтып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналғанын атап өтті.

СНХ: ҚАЙРАТ САРЫБАЙ, АЗИЯДАҒЫ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖӘНЕ СЕНІМ ШАРАЛАРЫ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСІНІҢ БАС ХАТШЫСЫ: Біздің әдемі жерлерімізбен танысу бір жағынан, екінші жағынан. Жасыл транспортпен қамту, велосипедпен жүру, денсаулықты ойлау және де бірге болу. Мәдениеттер арасындағы диалогты қамтамасыз ету бұл енді жалпы Азия кеңесінің негізгі мақсаты біз халықаралық ұйым ретінде Әлемдегі болып жатқан мына текетіреске қарамастан, ұлттар арасындағы, мемлекеттер арасындағы, әсіресе Азия өңірінде орналасқан. Мемлекеттер арасындағы диалогты қамтамасыз етумен шұғылданамыз.

РКС: Велошеру дәстүрлі түрде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жариялаған Дүниежүзілік велосипед күніне орай ұйымдастырылды. Мұндай кездесулер салауатты өмір салтын ұстанудың және қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын айқындайды. Қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар түрлі елдердің өкілдеріне бейресми жағдайда еркін пікір алмасып, бір-бірін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.

СНХ: ДЖОРДЖ АБУ ЗЕЙД, ЛИВАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ: Бұл менің Бурабайға екінші рет келуім. Кейде үлкен қаладан алыстап, әсем табиғатты тамашалап, осындай керемет жерлерді көру өте пайдалы. Келесі жолы да велошеруге міндетті түрде қатысамын. Ұйымдастырушыларға этносаралық диалогты, сондай-ақ түркі халық өкілдері арасындағы мәдени ықпалдастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтқым келеді. Қазақстан көпұлтты әрі көпмәдениетті мемлекет ретінде мұндай бастамаларға ерекше мұқтаж. Алты айға созылған қатал қыстан кейін дәл қазір табиғаттың сұлулығына сүйсініп, таза ауамен тыныстаудың таптырмас мүмкіндігі туып отыр.

СНХ: АБДУЛАЗИЗ ШАРИФИ, ТӘЖІКСТАН ЕЛШІЛІГІНІҢ ӨКІЛІ: Жұмыстан бөлек, бізді біріктіріп, жақындастырған спорттың болғаны өте жақсы. Соның нәтижесінде бәрі ұтады. Бұл – шынайы достықтың веломарафоны. Осындай тамаша шараны ұйымдастырғаны үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.

РКС: Велошеру жарыстық сипатта өткен жоқ. Оның басты ерекшелігі де осында. Мұнда жеңімпаздар да, жеңілгендер де жоқ. Ең бастысы – қатысу, қарым-қатынас және ортақ құндылықтарды қорғау. Ұйымдастырушылардың пікірінше, дәл осындай бастамалар елдер арасындағы түсіністікті нығайтуға ықпал етеді.

ИНДИРА СҰЛТАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ