ДИКТОР: Ақмола облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 90 келіден астам есірткі тәркіленді. Оның 80 келіге жуығы - синтетикалық есірткі. Интернет арқылы таралатын психобелсенді заттар, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие. Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні аясында өңірде анти-наркотикалық айлық басталды. Айлық шеңберінде 100-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізу жоспарланған.

РКС: Биыл облыста есірткіге қатысты 146 құқық бұзушылық тіркелген. Оның 45-і - есірткі сату фактісі. Аса ірі көлемде сақтау бойынша 10 дерек, ал есірткі жарнамалаудың 2 жағдайы анықталған. Мамандар соңғы жылдары синтетикалық есірткіге қатысты қылмыс көрсеткішінің артқанын айтады. Құзырлы органдар бұл бағытта профилактикалық шараларды жалғастырып келеді.

СНХ: РӘЗИЯ ҚҰРСАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Биылғы жыл Ішкі істер министрлігі тарапынан «Заң мен тәртіп - қауіпсіз балалық шақтың кепілі»» деп жарияланды. Жыл сайын құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, маусым айында Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай антинаркотикалық айлық өткізіп, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастырады.

РКС: Жыл басынан бері өңірде жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар құқық қорғау органдары мен волонтерлердің қатысуымен 25 антинаркотикалық рейд өткізілді. Нәтижесінде есірткі жарнамасы бар 29 граффити жойылды. Айлық аясында тағы 100-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

СНХ: САБЫРХАН КЕНЖЕБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сонымен қатар, заманауи, жастарды қызықтыратын форматтағы әртүрлі іс-шаралар жоспарланған, атап айтсақ,Open Talk TedX форматындағы кездесу, квесттер, «Таңдауынды өзі жаса» челленджі, шығармашылық жастар үшін кешкі «Open Mic», әлеуметтік эксперимент, спорттық іс-шаралар. Профилактикалық іс-шаралармен қамтылатын халықтың жалпы болжамды саны 15 мыңнан астам адамды құрайды.

РКС: Білім беру ұйымдарында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Тәрбие жұмыстары «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасы аясында жүргізіледі. Былтыр 80 мыңға жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында дәрістерден бөлек, дебат, спорттық жарыстар және интерактивті кездесулер бар. Бұған қоса, былтыр Көкшетауда пилоттық форматта оқушылар мен студенттер арасында экспресс-тестілеу жүргізілді.

СНХ: ВАЛЕРИЙ ГАМАЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Экспресс-тестілеу ата-аналардың келісімімен жүргізілді. Аталған тексеруге барлығы 187 білім алушы қатысты. Нәтижесінде есірткі қолдану фактілері анықталған жоқ.

РКС: Есірткіге қарсы күрес тек жауапты органдардың шараларымен шектелмеуі тиіс. Бұл іске ата-аналар мен қоғамның барлық өкілі тартылуы тиіс. Осы ретте елімізде «Әр үйге нарко тест» бастамасы қолға алынған. Жоба есірткіге тәуелділікті ерте анықтап, дер кезінде алдын алуға бағытталған.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ