ДИКТОР: Соңғы жылдары жастардың кітапқа деген қызығушылығы артып, қоғамда жағымды үрдіс қалыптасып келеді. Сандық технологиялар дәуірінде өсіп келе жатқан жас буынның рухани азық пен терең білімнің қайнар көзі саналатын кітапқа бет бұруы қуантады. Мектеп кітапханаларында оқырмандар саны көбейіп, түрлі әдеби кештер мен кітап оқу акциялары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Әсіресе, көркем әдебиетке, тарихи шығармаларға және танымдық кітаптарға қызығушылық танытатын оқушылар қатары артып келеді.

РКС:Көкшетау руханият пен білімнің шамшырағы жанған көркем шаһар. Қала тұрғындарының зияткерлік дамуына қызмет етіп келе жатқан мемлекеттік 12 кітапхана біртұтас қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне біріктірілген. Бұл білім ордалары мен оқырман қауымға кітап әлеміне жол ашады. Сондай кітапхананың бірегейі Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы.

СНХ: ЖАДЫРА ӘУБӘКІРОВА, М. ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: 80 жылдық тарихы бар кітапхананың кітап қоры да өте үлкен. 340 мыңға жуық кітап қоры бар. Газет-журналдар, мерзімді басылымдар бөлек саналады. Кітап қоры өте көп. Өлкетану бойынша болсын, білім саласы бойынша болсын, көркем әдебиет болсын, балалар әдебиеті болсын бізде осы тұрақты бөлімдерден бөлек, шетіл тілі әдебиет бөлімі бар. Онда бізде шетел әдебиеті жинақталған. Ағылшын, француз, неміс басқада араб, түрік, корей тілі және қазір жастар қызығатын сондай тілдердегі кітаптар бар. Өнер саласына қатысты кітаптар да бар.

РКС:Бүгінгі жастардың кітап оқуға деген ынтасы елдің зияткерлік әлеуетінің артып келе жатқанының айқын көрінісі. Оқырмандар кітапханада өздерін қызықтырған әдебиеттерді оқып қана қоймай, түрлі мәдени-танымдық шараларға, кездесулер мен экскурсияларға да қатысуда. Облыстық кітапханаға күніне 100-ден астам адам келсе, экскурсиялар ұйымдастырылған күндері келушілер саны 300-ден асып жығылады.

СНХ: ҚҰРАЛАЙ ИСАХАНОВА, ОҚЫРМАН: ХХІ ғасыр оқу мен білімнің ғасыры. Кітаптан өзімізге аларымыз мол. Кез-келген кітапты қолымызға алған кезде, есте сақтау қабілетімізді, сөз саптауымызға, дұрыс сөйлеуімузге өте пайдалы. Электронды оқығанға қарағанда кітапханаға келіп, іздеп, кітаптың әр бетін ашып +скл+ оқыған кітаптың әлемі бөлек.

РКС:Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылындағы кітапхана да оқырмандарға жайлы әрі заманауи орта қалыптастырған. Мұнда мектеп оқушыларының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында арнайы коворкинг бұрышы ұйымдастырылған. Бұл кеңістік жастардың білімін жетілдіріп, шығармашылық қабілеттерін дамытуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кішкентай бүлдіршіндер үшін ертегі кітаптары мен танымдық ойындарға толы балалар бұрышы жабдықталған.

СНХ: АЙША БАЛҒАБАЙ, ТАЛАПКЕР АУЫЛЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯНЫҢ ОҚУШЫСЫ: «Оқуға құштар» мектеп жобасының аясында кітап оқып, білімімізді арттырып жатырмыз. Кітап-білімнің кілті. Рухани байлықтың бастауы болып табылады.

СНХ: САЛТАНАТ АЙБАС, ТАЛАПКЕР АУЫЛЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Жазға демалыста осы кітаптарды оқуға жоспарладым: Бердібек Соқпақпаев «Балалық шаққа саяхат», Сапарғали Бегалин «Көксегеннің көргендері», Шыңғыс Айтманов «Ақ кеме». Жазғы демалыста оқудың пайдасы сөз қоры көбейеді, оқу жылдамдығы артады, қиял мен ойлау дамиды және бос уақытта пайдалы өтеді.

РКС:Өңірдің мәдени-ғылыми өмірінде ерекше орын алатын облыстық маңызы бар әмбебап ғылыми кітапханалармен қатар жоғары оқу орындары мен мектеп кітапханаларының да жемісті қызмет атқарып келе жатқаны даусыз. Олар өскелең ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтіп, ғылыми ізденістеріне қолдау көрсететін негізгі тетік.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ