ДИКТОР: Зеренді ауылында жол қатынасын реттеп, қылмыстық оқиғаларды дер кезінде ауыздықтау мақсатында сапалы бейнебақылау камералары орнатылды. Бүгінде елді мекенде 49 бейнекамера жұмыс істейді. Бұл бастама тиімділігін де көрсетіп отыр. Мәселен, жыл басынан бері 185 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
РКС: Анықталған бұзушылықтардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзу мен қоғамдық орындарға қоқыс тастау фактілеріне қатысты. Бүгінде бұл ережелерді қаперден шығарған азаматтарға тиісті шаралар қабылданған. Жедел басқару орталығында мамандар тәулік бойы үздіксіз қызмет етеді.
СНХ: АРМАН ӘДІЛОВ, ЗЕРЕНДІ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Сондай-ақ, саябақ пен Ұлы Отан соғысы ескерткіші аумағына 3 камера орнатылған. Оның екеуі айналмалы, біреуі стационарлық. Бұл камералар кіреберіс пен ескерткіш аумағын толық бақылауға алып, қоғамдық тәртіп пен нысанның сақталуын қамтамасыз етеді.
РКС: Әсіресе, тарихи нысандар ерекше бақылауға алынған. Жергілікті тұрғындар да бұл бастаманы қолдап отыр. Олар жазғы туристік маусымда мұндай бақылау жүйесінің маңызы зор екенін айтады.
СНХ: РАУАН ЖАНСЕРІКОВ, ЗЕРЕНДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бейнебақылау бұл ең алдымен – қауіпсіздік. Қазір әсіресе, жазғы маусымда туристер мен демалушылар көп келеді. Сондықтан қоршаған ортанының тазалығын сақтап, қоғамдық тәртіпті бақылау үшін камералардың маңызы зор деп ойлаймын.
РКС: Өз кезегінде тәртіп сақшылары азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ