ДИКТОР: Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және оларды әлеуметтік қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Бүгінде медициналық-әлеуметтік сараптама құрылымы белсенді түрде жаңғыртылуда. Негізгі басымдық қызметтерді қашықтан көрсету форматына берілген. Бұл мүгедектік тобын жедел әрі ашық анықтауға және қолдау шараларын тағайындауға мүмкіндік береді. Жаңартылған жүйе қалай жұмыс істейді? Тілшіміз Оксана Зинченко айтсын.
РКС: Өңірде мүгедектігі бар 30 мыңға жуық адам тұрады. Оларға мемлекеттік көмек алуды жеңілдету үшін куәландыру рәсімі электронды форматқа көшірілуде. Енді мүгедектік мәртебесін мекемелерге бармай-ақ, қашықтан растауға болады. Барлық қажетті деректер жүйеге тікелей медициналық ұйымдардан түседі.
СНХ: НҰРЛАН ШЕРИЯЗДАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Сырттай-проактивті формат мемлекеттік қызметтің ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру, сондай-ақ мүгедектікті белгілеу рәсімін жеңілдету мақсатында енгізілді. Мүгедектікті сырттай-проактивті форматта белгілеу қызметінің келесі артықшылықтары бар. Біріншіден, бұл – пациенттің өмір сүру қызметінің шектелуін бағалаудағы субъективтілікті жою, яғни мүгедектік тобының белгіленуінің негізі болып табылады. Келесісі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмендетіледі.
РКС: Сырттай сараптамаға көшу дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың жұмысына қойылатын талаптарды күшейтті. Енді емдеуші дәрігер электронды құжаттардағы диагноздардың дәлдігі үшін жауап береді. Еңбек министрлігінің мониторингі еліміз бойынша 150-ден астам бұрмалау жағдайын анықтады, яғни түрлі пациенттерге арналған медициналық үзінділер бірдей рәсімделген. Айта кету керек, облыста мұндай бұзушылықтар әзірге тіркелген жоқ.
СНХ: НҰРЛАН ШЕРИЯЗДАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Мүгедектік тобын белгілеудің негізі медициналық модель болды және солай болып қала береді. Яғни ағза функцияларының бұзылу деңгейін және әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтау үшін пациенттің денсаулық жағдайы туралы нақты медициналық деректер қажет. Осыдан шығатын қорытынды — мүгедектік тобын дұрыс белгілеуде медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолданатын медициналық мәліметтердің сапасы шешуші роль атқарады. Ал куәландырудың сырттай түріне көшумен медициналық құжаттардың сапасы, ашықтығы мен шынайылығы басты мәнге ие болуда. Мемлекет мүгедектігі бар адамдарды қолдауға қомақты қаражат бөледі, сондықтан бұл қаражаттың шынымен мұқтаж, қолданыстағы заңнамаға сәйкес оған құқығы бар азаматтарға жетуін қамтамасыз ету — біздің міндетіміз.
РКС: Айта кетейік, егер адам сараптама нәтижелерімен келіспесе, оны даулау құқығына ие. Мұны екі жолмен жасауға болады: «e-Otinish» жүйесі арқылы электронды арыз жолдау немесе департаментке жеке келу. Мұндай әр арыз-шағымды арнайы бақылау бөлімі қарайды.
ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ