ДИКТОР: Жастар ел болашағы. Құқықтық тәртіп пен әділетті мемлекеттің берік іргетасы. Осы мақсатта Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының өкілдері мен құқық қорғау органдарының мүшелері Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттерімен «Жаңа Конституция-жаңа буын» атты тағылымды кездесу өткізді. Шара барысында жаңа Конституцияның мазмұны мен маңызы кеңінен түсіндіріліп, құжаттың адам құқықтарын қорғаудағы жаңа мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
РКС: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкілдері жас буынға Ата заңның әр бабы кез келген азаматтың тағдырымен тамырлас екенін ұғындырды. Аталған құжат адам өмірі ең қастерлі құндылық, әркімнің өмір сүруге құқығы бар деген қағидат мемлекеттің берік тірегі екенін айқындады. Сондай-ақ, ар-намыс пен қадір-қасиет адам болмысының ең биік өлшемі екені ерекше атап өтілді. Сондай-ақ, құқықтық сауаттылық пен заңды жетік игеру бұл жастардың болашаққа деген нық қадам екені де айтылды.
СНХ: ДИНАРА ТӘЖЕНОВА, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ БАСШЫСЫ: Жастармен кездесу ашық әрі белсенді диалог форматында өтті. Ерекше назар омбудсмен институтына, оның ролі мен мәртебесіне аударылды. Сондай-ақ, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Жастар комиссиясының қызметі таныстырылды. Оның құрамына Қазақстан Республикасында және шетелде білім алып жүрген белсенді жастар кіреді. Біз осындай іс-шаралар арқылы құқықтық сауатты, жауапкершілігі жоғары және адам құқықтарының маңызын түсінетін жастар қалыптасады деп сенеміз.
РКС: Ашық диалог форматында өткен шарада жастар өз ойын еркін білдірді. Сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар берілді. Бұл жүздесу тек ақпарат алмасу ғана емес, сонымен қатар саналы ұрпақ қалыптастыруға бағытталған рухани алаңға айналды.
СНХ: ДАНИЯЛ РЖАПОВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: 1995 жылғы Конституциямен салыстырғанда жаңа Ата заңда адам құқықтарының ауқымы айтарлықтай кеңейіп, оларды қорғау деңгейі едәуір күшейді. Атап айтқанда, Конституцияға дербес деректерді қорғауға қатысты арнайы бап енгізілді. Бұрын мұндай бап болмаған. Бұл бап азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларды иесінің келісімінсіз пайдалануға немесе таратуға тыйым салады. Осылайша, біздің Конституция қазіргі заман талаптарына сай дамып, әлемдік саяси-құқықтық үрдістермен үндесіп келеді.
РКС:Жыл басынан бері облыс бойынша 44 мың азаматтың құқығы қорғалды, олардың 3 мыңнан астамы конституциялық құқықтар саласына қатысты. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 140-тан астам іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында бірқатар кешенді жұмыстар жүзеге асырылды.
СНХ: НҰРСҰЛТАН АЛДАШЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ ҚОҒАМДЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: «Жас ұрпақ» жобасы заңға бағынатын жастарды тәрбиелеуге, заңды құрметтеуді қалыптастыруға және моральдық-адамгершілік құндылықтарды дамытуға бағытталған. Жоба 2024 жылдың қараша айында іске қосылған сәттен бастап, оған облыстың 20 ауданынан шамамен 8 мың оқушы қосылды. Маңызды жобалардың бірі «Прокурор сағаты». Мектептерде құқықтық сананы қалыптастыру және балалар жарақаттануының алдын алуға бағытталған жүйелі сабақтар өткізіледі. Бағдарлама 7 оқу модулін қамтиды және қазірдің өзінде 200-ге жуық мектеп пен 95 мың оқушыны қамтып отыр.
РКС: Аталмыш жоба Мемлекет басшысының қолдауына ие болып, жоғары деңгейде бағаланды. Сонымен қатар «Зиялы қауым» жобасы аясында 300 мыңнан астам қазақстандық зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын таңдады. Бүгінде облыс көлемінде құқық бұзушылық деңгейі 37 процент төмендеген.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ