ДИКТОР: Аймақтың экономикалық дамуы көлік инфрақұрылымының сапасына тікелей байланысты. Былтыр өңірде 900 шақырымнан астам автожол жаңартылды. Бұл мақсатқа 121 миллиард теңге бағытталды. Жаңғырту жұмыстары аясында ондаған жыл жөндеу көрмеген жол учаскелеріне ерекше басымдық берілді.
РКС: Өткен жылы өңірде республикалық маңызы бар 374 шақырым автожол жаңартылды. Жұмыстар «Астана – Қорғалжын», «Көкшетау – Рузаевка», «Макинск – Ақсу – Торғай», «Жезқазған – Петропавл», «Көкшетау – Зеренді» және «Көкшетау – Омбы» бағыттарында жүргізілді. Сондай-ақ, жол инфрақұрылымы да жаңғыртылуда. 7 елдімекеннің бойындағы 15 шақырымнан астам жолға жарық орнатылып, жаңа бағдаршамдар қойылды. Жергілікті жолдарда да біршама ауқымды жұмыс атқарылды.
СНХ: ВЛАДИМИР КУЛАКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛIГI ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жергілікті маңызы бар жолдар туралы айтсақ, 510 шақырым жол салынып, жөнделді. Оның ішіндеоблыстық 57 елдімекенінде 200 шақырым көше-жол желісі қалыпқа келтірілді. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге тоқтала кетсем, «Жақсы-Державинск», «Жаңа Қалқұтан-Ақкөл-Азат-Минское» негізгі автожолы қамтылды. Сонымен бірге Азат-Минское, «Еркіншілік-Қаратал», «Бабатай-Волгодоновка-Береке-Бұлақсай», «Атбасар-Сочинское», Бірсуат ауылына кіреберіс, «Щучинск-Николаевка», «Новочеркаское-Егіндікөл-Қайнар» ауылдарының бөліктері жөнделеді. Көкшетаудан бөлек, ірі елдімекендерде көше-жол желісінің құрылысы мен жөндеу жұмыстары қолға алынды. Қосшы қаласы, Талапкер, Қоянды, Қараөткел, Қаражар, Ыбырай Алтынсарин, Мәншүк, Оразақ, Қорғалжын, Ұзынкөл, Державинск, Атбасар, Зеренді, Майлан, Бозтал, Еркіншілік ауылдарына жол салынып, жөнделді.
РКС: Биыл жолдарды жөндеуге 72 миллиард теңге қарастырылған. Билік «Көкшетау-Зеренді», «Жезқазған-Петропавл» және өзге де бірқатар бағыт бойынша жол бөліктерін жөндеуді қоса алғанда ірі жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруда.
СНХ: ВЛАДИМИР КУЛАКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛIГI ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Соңғы бірнеше жыл біз негізгі екпінді бұрын басталған жобаларды аяқтауға түсіріп келеміз. Жаңа жобаларды бастап жатқан жоқпыз. Жол құрылысы мен оны жөндеуге қатысты жобалардың бәрі өте қымбатқа түсетінін білесіздер. Мысалы, Қоянды ауылын алатын болсақ, 20 шақырым жолды салу мен жөндеуге байланысты жобаның құны 15 миллиард теңге. Бір жылда осынша соманы бөлу мүмкін емес. 2024-ші жылы 3, былтыр 5 миллиард теңге бөлінсе, бұл жұмыс биыл да жалғасады. Яғни Қояндыдағы басталған жобалар аяқтиалмайынша жаңасы қолға алынбайды.
РКС: Жолдардың су тасқынына төтеп беруіне жеке назар аударылып отыр. Осы көктемде түрлі маңызы бар жолдар арқылы қар суы тасуының 49 жағдайы тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда біршама аз. 100-ден астам су өткізетін құрылысты орнату мен жөндеудің арқасында оқыс оқиғаларға жол берілген жоқ. Бүлінген жол жабындысының бөліктері қалыпқа келтірілді.
МӨЛДІР ЕЛЕМЕСЕОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ