ДИКТОР: Көкшетауда полиция қызметкерлері арасында интеллектуалдық турнир ұйымдастырылды. Оған Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарының командалары қатысып, өзара бақ сынады. Бұл турнир өңіраралық деңгейде алғаш рет өткізіліп отыр.
РКС: Мұндай бастамалар қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, олардың жауапкершілік сезімін күшейтіп, әділдік қағидаттарын берік орнықтыруға ықпал етеді. Сондай-ақ, тәжірибе алмасуға жол ашып, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және ішкі істер органдарының оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік беретін кәсіби алаң ретінде бағаланады.
СНХ: ҒАЛЫМЖАН САДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Бұл турнир қызметкерлерінің кәсіби білімдерін көрсетуге, аналитикалық ойлау қабілеттерін дамытуға және адалдық қағидаттарымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға, заң талаптарын терең меңгеруге бағытталған маңызды іс-шара. Қатысушылар жоғары деңгейлік дәрежелерін көрсетіп, бір-біріне дәлелдей білді.
РКС: Сайыстың бастапқы кезеңдерінде қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама, мүдделер қақтығысы және құқықтық мәдениетке қатысты сұрақтарға жауап берді. Үшінші және төртінші турда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері, сондай-ақ непотизм мен қызметтік әдеп мәселелері талқыланды. Бесінші тур цифрландыру тақырыбына арналды. Ал алтыншы бөлімде жағдайлық және сараптамалық сипаттағы сұрақтар қарастырылды.
СНХ: СҰЛТАН РЫСПАЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ТЕРГЕУШІСІ: Бұл байқауға келмес бұрын, өңірімізде білімді, жан-жақты қызметкерлер арасынан іріктеу жүргізілді. Сондықтан біз бұл турнирге үлкен жауапкершілікпен және жоғары дайындықпен келдік. Іс-шараның ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары екенін ерекше атап өткім келеді. Барлық қатысушы жақсы дайындықпен келіп, өздерінің кәсіби білімін, логикалық ойлау қабілетін және құқықтық сауаттылығын жоғары деңгейде көрсетті. Жарыс өте тартысты өтті.
РКС: Турнирге Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті заңтану мамандығының студенттері арнайы қатысып, іс-шараның өту барысын бақылап, тәжірибе алмасты.
СНХ: БАХТИЯР САПАРБЕК, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Көп жағдайда сұрақтарға жауап беру үшін ұзақ ойланудың да қажеті болмады, себебі қатысушылардың құқықтық сауаттылығы мен тәжірибесі айқын байқалды. Маған бұл іс-шара ерекше әсер қалдырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалар бойынша өзіме көптеген жаңа әрі пайдалы ақпарат алдым. Жалпы, мұндай форматтағы кездесулер болашақ заңгер ретінде менің кәсіби көзқарасымды кеңейтіп, тәжірибелік тұрғыдан өте құнды болды деп есептеймін.
РКС: Жарыс қорытындысы бойынша Ақмола облысы Полиция департаментінің командасы бірінші орынды еншіледі. Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы күміс жүлдегер атанса, III орын Павлодар облысына бұйырды. Қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ