ДИКТОР: Бүгін Көкшетауда жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы XVIII Республикалық пәндік олимпиада басталды. Айта кетейік, 2024–2025 оқу жылында Лев Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында өткен «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша XVII республикалық олимпиадада Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті командасы жүлделі І орынды иеленіп, биылғы білім додасын өткізу мәртебесіне ие болған еді. Жарыстың өту тәртібі мен тартысты кезеңдері жайлы әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.
ИНТЕРШУМ: РКС: Білім бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен келген 24 команда қатысуда. Олардың барлығы іріктеуден сүрінбей өткен, тіл өнерінде топ жарған үздік студенттер. Әр команда 3 дарынды жастан құралған. Білім мен білікті сынға салатын бұл додада олар өзара бақ сынайды.
СНХ: ГҮЛГҮЛ ЫСҚАҚОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ «ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ» КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Олимпиада үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – тестілеу. Бұл кезеңде қатысушылар қазақ тілінің барлық салалары мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша автоматтандырылған тест тапсырады. Екінші кезең – кешенді тілдік және әдеби-теориялық талдау. Үшінші кезеңде студенттер берілген тақырыптар бойынша 15 минуттық сабақ үлгілерін ұсынады. Осы ретте барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз. Ең мықты командалар жеңіске жетсін деген тілек білдіреміз.
РКС: Өңір намысын қорғап жатқан студенттердің бірі – Еңлік Тілеухан. Ол «Ақмола дарыны» номинациясының иегері. Түрлі білім додаларында топ жарып жүрген дарынды жас. Еңлік үшін мұндай олимпиадалар бұрыннан таныс, тәжірибе жинақтаған алаң. Сондықтан мұндай білім додалары біз үшін үйреншікті жағдай, – дейді ол.
СНХ: ЕҢЛІК ТІЛЕУХАН, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Осы олимпиадаға қатысып жатқан әр бір студенттер мектеп кезінен бастап түрлі олимпиадалардың жүлделі иегерлері. Өзім Республикалық «Ақберен» шешендік-білгірлік сайсында жүлделі орынға ие болғанмын. Сондықтан бүгінгі жарыста ешқандай қобалжу жоқ. Пәнаралық олимпиада барлық олимпиада арасындағы ең жеңілі деп айтсам болады.
РКС: Сондай-ақ алыстан келген студенттердің де жеңіске деген жігері басым. Олар былтырғы республикалық олимпиадада жүлдесіз қайтпай, өздерінің жоғары деңгейін дәлелдеген. Биыл да дайындықтары мығым, мақсаттары айқын. Тәжірибе мен табандылықты серік еткен қатысушылар бұл жолы да үздіктер қатарынан көрінуге ниетті.
СНХ: АЯЖАН ЖАНАРБЕКОВА, Ә.БӨКЕЙХАНОВ АТЫНДАҒЫ СЕМЕЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Біз осы республикалық пәндік олимпиадаға былтыр Аманжолов университетінен қатысқанбыз. Ол кезде үшінші орын алдық және «Үздік қойылым» номинациясын жеңіп алдық. Бізде ең алдымен университет басшылығымен жарыс өткізілді. Сонда іріктелген 3 студент осында жарысқа келіп отырмыз. Осы жолы былтырға қарағанда қатысып отырған топтар көп екен. Барлық өқатысушыларға сәттілік тілейміз.
РКС: Екі күнге жоспарланған білім бәйгесінің үшінші кезеңі ертең өтеді. Олимпиаданың жүлде қоры Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті басшылығының қолдауымен бекітілген: бірінші орынға – 100 000 теңге, екінші орын алған екі командаға – әрқайсысына 75 000 теңгеден, ал үшінші орын иеленген үш командаға – 50 000 теңгеден табысталады. Сонымен қатар, ерекше көзге түсіп, байқаудың соңғы кезеңінде үздік нәтиже көрсеткен студенттерге арнайы номинациялар да қарастырылған.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ