ДИКТОР: Ай сайын «VIAMEDIS» оңалту орталығында шамамен 80 пациент оңалту курсынан өтеді. Күн сайын олардың әрқайсысы аяққа қайта тұрып, алғашқы қадамын нық басады. Бұл жерге адамдар ауыр жарақаттан, күрделі отадан және инсульттан кейін үміт арқалап келеді. Мұндағы дәрігерлер әр науқасқа жеке тәсілмен қарап, олардың өмірге толыққанды қайта оралуына бағытталған емдік жаттығулар мен терапияның үйлесімді кешенін ұсынады. Орталыққа келушілердің бірі — Дархан Қадыров. Оның өмір жолы — бір сәтте бәрі өзгеріп, тағдыр «бұрын» мен «кейінге» бөлініп кеткенінің дәлелі.

РКС: Өткен жылдың шілдесі. Достарымен табиғат аясында демалып жүрген сәтте Дархан суға сүңгіп, оның тереңдігін бағамдай алмай қалады. Сол бір мезетте су түбінде мойнын ауыр жарақаттайды. Қол-аяғының бірден жансыздануы жағдайдың тым күрделі екенін аңғартады. Бірақ Дархан абдырап қалған жоқ. Алғашқы көмек көрсету қағидаларын білетін ол достарына жедел жәрдем келгенше өзін қозғалтпау керектігін ескертті. Дәрігерлер қойған диагноз ауыр болды. Мойын омыртқасы сынған және қимыл-қозғалыс қабілеті толық жоғалған. Дархан сынбады. Астана қаласында оңалтуды бастап, табандылықпен алғашқы нәтижелерге қол жеткізді. Алдымен оң қолының қимылы қалпына келді, кейін аяғында да қозғалыс пайда болды. Ақпан айында ол «VIAMEDIS» оңалту орталығына келді. Мұнда ол қайта отыруды, өздігінен бұрылуды үйренді. Бүгінде Дархан өз бетінше тамақтанып, түрлі техниканы пайдалана алады, арбаның көмегімен қозғалып, өмірге қайта бейімделіп келеді.

СНХ: ДАРХАН ҚАДЫРОВ, ЕМДЕЛУШІ: Бес ай бойы мүлде төсектен тұрған жоқпын.Отырып, тұруды да білмедім, тіпті өз бетімше тамақ та іше алмадым. Осында келгеннен кейін жағдайым жақсара бастады, ілгерілеу пайда болды. Қазір өзім тамақтана аламын, тісімді өзім тазалаймын, қырынамын, отыра аламын. Күні бойы арбада отырамын. Мұнда қуықты стимуляциялау бойынша да жаттығулар жүргізілді. Жалпы, нәтиже жақсы. Аяқтарымда қозғалыс пайда бола бастады. Бүгін таңертең алғаш рет жамбасымды көтере алдым. Бұл — соңғы алты айдағы алғашқы жетістік. Саусақтарымды да бұрынғыдан жақсырақ қимылдата бастадым. Алға басу бар, бәрі көңілімнен шығады.

РКС: Орталық дәрігерлері заманауи, жетілдірілген әдістер қолданылғанымен, науқастың ішкі жігері мен өмірге деген құлшынысынсыз толық нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес екенін айтады. Өйткені көп нәрсе адамның психологиялық жағдайына тікелей байланысты.

СНХ: АЙДАНА СҰЛТАНОВА, «VIAMEDIS» КЛИНИКАЛЫҚ-ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМШЕ МЕҢГЕРУШІСІ: Инсульттен кейінгі депрессия немесе жұлын-ми жарақаттарынан кейінгі депрессиялық жағдайлар өте жиі кездесетін мәселе. Мұндай кезде науқастардың оңалтуға деген талпынысы төмендейді немесе мүлде болмай қалады.Осындай жағдайда кейде дәрігерлердің өздері де психологтың ролін атқаруға мәжбүр болады. Дегенмен бұл бағытта арнайы маман жұмыс істейді, ол науқастармен психоэмоциялық түзету жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, бұл процеске міндетті түрде науқастың туыстарын да тарту қажет. Біздің тәжірибеде жиі кездесетін тағы бір қиындық — туыстардың шамадан тыс қамқорлығы, яғни гиперқамқорлық. Мұндай жағдайда үйде барлық шаруаны туыстары атқарғандықтан, науқастың өз бетінше әрекет етуге деген ынтасы төмендейді. Сондықтан мұндай мәселелерді міндетті түрде талқылап, бірлесе отырып түзету жұмыстарын жүргізу қажет.

РКС: Дарханның айтуынша, ең қиыны — нәтижені күту. Күн сайын кішкентай қадаммен болса да алға жылжып, мақсатқа жақындау оңай емес. Бірақ, ең бастысы — міндетті түрде бәрі жақсы болатынына сену.

СНХ: ДАРХАН ҚАДЫРОВ, ЕМДЕЛУШІ: Ең қиыны — уақыт. Барлығы бірден емес, өте баяу, біртіндеп келеді, бірақ бұл ұзақ процесс. Ең бастысы — сенім. Егер сен өзіңнің қайта аяққа тұратыныңа сенбесең, еш нәтиже болмайды. Сонымен қатар, шынайы достардың қолдауы маңызды, отбасы да ешқашан мойымай, үнемі демеу беріп отыруы керек. Бәрінен де маңыздысы — көңіл-күй. Бұл жерде оған жағдай жасалған. Қызметкерлер де, медбикелер де, күтіммен айналысатын мамандар да үнемі қолдап, жігер беріп, ешқашан түңілуге жол бермейді.

РКС: Оңалту орталығында физикалық қалыпқа келтіруге ғана емес, сонымен қатар психологиялық оңалтуға да ерекше көңіл бөлінеді. Осындай кешенді тәсілдің арқасында Дарханның жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Ең бастысы — тоқтап қалмай, алға қарай қадам жасай беру.

ТОМИРИС ИДРИСОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.