ДИКТОР: Сандықтау ауданында бір ауылдық округ мысалында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың кешенді тәсілі жүзеге асырылып жатыр. Красная Поляна мен Арбузинка ауылдарында бюджет қаражаты және жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолдауы есебінен негізгі әлеуметтік нысандар жаңартылды. Екі елді мекенді жаңа көпір байланыстырып тұр. Бүгінде бұл ауылдардың тыныс-тіршілігі қандай? Тұрғындар білім мен өндіріс саласында қандай жетістіктерге жетіп отыр? Оксана Зинченконың материалында.

РКС: Красная Поляна ауылындағы мектепте 200-ге жуық бала білім алады. Енді мұнда оқу үдерісі мүлде жаңа жағдайда өтуде. Реновация бағдарламасы аясында ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Жарықтан пен есіктерден бастап, қабырғалар мен едендер толық әрлендіріліп, жаңартылды. Мектеп ауласы да айтарлықтай өзгерді. Заманауи қоршау орнатылып, тренажерлер мен балалар алаңдары қолданысқа берілді. Ал бұрыннан жұмыс істеп тұрған STEM-сыныптар үшін химия және география кабинеттеріне жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды.

СНХ: АНСАР ИБАЕВ, КРАСНАЯ ПОЛЯНА ОРТА МЕКТЕБІ ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Мектепте шағын орталықты қоса есептегенде 190 бала бар. Жаңа автобуспен көршілес Арбузинка және Петриковка ауылдарынан 65 баланы тасымалдап оқытамыз. Облыстық бюджет есебінен 425 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Материалдық-техникалық база толықтай жаңартылды: жаңа парталар, орындықтар, үстелдер сатып алынды. Қазір мектептегі барлық дүние түгелдей жаңа.

РКС: Мектеп оқушыларының жетістіктері мемлекеттік деңгейде де жоғары бағалануда. Мәселен, 6-сынып оқушысы Тамила Дашаева ел Президентімен кездесуге шақырылды.

СНХ: ТАМИЛА ДАШАЕВА, ОҚУШЫ: Менің жобаларым көп болды. Ең ұмытылмасы, бәлкім, алғашқысы шығар — ол жабайы пияз туралы жоба еді. Бірінші орын алған сәттерім өте көп болды. Мен мектептің белсенді оқушысымын, олимпиадаларға, байқауларға және түрлі жобаларға жиі қатысамын. Маған өз жұмысымды таныстырып, байқауларға қатысу өте ұнайды. Ақордаға да мені осы жетістіктерімнің арқасында шақырды, себебі мен бірінші орындар алып жүрдім және басқа да жетістіктерім болды.

РКС: Бірлік ауылдық округіне қарасты елді мекендерде инфрақұрылым жергілікті серіктестік есебінен жаңартылып жатыр. Мәселен, Красная Поляна ауылында спортзал мен әкімдік ғимараты жөнделді. Қазір бұл жерде пошта бөлімшесі мен медициналық пункт орналасқан. Ал көршілес Арбузинка ауылында шағын орталық ашылды. Айта кету керек, екі ауылдың арасын жалғайтын көпірді тұрғындар өз күштерімен салған. Енді ауыл халқы алдағы уақытта Екінші дүниежүзілік соғыстың батырлары мен депортация құрбандарына ортақ ескерткіш орнатуды жоспарлап отыр.

СНХ: МАГОМЕД-САЛИ АБУЕВ , СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ: Біздің негізгі міндетіміз — халыққа қызмет ету. Ең бастысы, менің ойымша да, бұрыннан ұстанымым да — адам. Адам болса, бәрі бар деген сөз. Барлығын салуға, сатып алуға, жасауға болады, бірақ ең маңыздысы — адамдарға қамқорлық жасау. Біздің шаруашылықтарда спортзал салдық, шағын орталық аштық, жолдарды жөндедік, әкімдік ғимаратын, Фелдшерлік-акушерлік пункт пен поштаны ретке келтірдік. Мұның барлығы халықтың игілігі үшін жасалып жатыр.

РКС: Бүгінде ауылдық округте 45 шаруа қожалығы мен 5 серіктестік жұмыс істейді, олар ауданнан бөлек, Елорда халқын да азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Жергілікті аграрийлер жыл сайын Астана қаласындағы жәрмеңкелерге мыңнан астам мал апарады. Ал «Элем» кооперативінің сүт өнімдері апта сайын Көкшетау қаласына жеткізіледі. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жергілікті тұрғындардың бизнесін дамытуға арналған 4 жобасы мақұлданды. Мұндай жұмыстар ауылдық округтің дамуына және көрші өңірлерді сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.