ДИКТОР: Көкшетауда көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында заңсыз орнатылған бетон бөгеттерге қарсы кезекті рейд өтті. Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлері мен коммуналдық мекемелер аулаларды тексеріп, осындай қайшылықтар орын алған аумақтардан бөгеттерді алып тастады.
РКС: Өңірде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселесі қашан да өзекті. Мамандар жекеменшік сектор мен көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына кіретін жолдар әрдайым ашық болуы тиіс екенін ескертеді. Апатты жағдай кезінде өрт сөндіру, жедел жәрдем және басқа да арнайы қызметтердің оқиға орнына уақытылы жетуін қамтамасыз етеді. Бірақ, бұл талаптар іс жүзінде барлық жерде бірдей сақталып отырған жоқ.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Кейбір тұрғындар ауланы өз бетінше қоршауға тырысып, заңсыз шлагбаумдар мен бетон блоктар орнатады. Мұндай кедергілер өрт немесе өзге де шұғыл жағдайлар кезінде жедел қызметтердің қозғалысын тежеп, әр секунды қымбат уақытты жоғалтуға себеп болуы мүмкін. Ал дәл сол сәтте адам өмірі әр секундқа тәуелді екені белгілі. Осыған байланысты заңсыз орнатылған бөгеттерді анықтау және жою жұмыстары жыл бойы жүйелі түрде жүргізіледі.
РКС: Мұндай заңсыз бөгеттер көбіне тұрғындардың жеке бастамасымен орнатылады. Кей жағдайларда азаматтар заң талаптарын толық ескермей, шешімді өз бетінше қабылдайды. Қалай болған күнде де заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.
СНХ: ЖАНАТ АХМЕТҚАЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Егер қандай да бір бөгет орнатылатын болса, ол міндетті түрде тұрғындардың хаттамалық келісімімен рәсімделуі тиіс. Ал ондай келісім болмаған жағдайда тосқауылдарды орнатуға тыйым салынады. Біздің функциямыз «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң аясында жүзеге асырылады. Яғни, басқарушы органдармен және сервистік компаниялармен, атап айтқанда пәтер иелері кооперативтері, мүлік иелерінің бірлестігі және қарапайым серіктестік ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істейміз. Бетон бөтеттерді орнатардың алдында уәкілетті органдардың жазбаша рұқсаты болуы шарт.
РКС: Кедергілерге тап болғандардың бірі – Қосшығұлов көшесіндегі 63-ші үйдің тұрғыны Камила Сейітқалиева. Тұрғынның сөзінше, көршілердің барлығы дерлік бұл бетон кедергілерді алып тастауды қолдаған. Сол себепті ол мәселені ресми түрде eGov порталы арқылы тиісті органдарға жолдап, өтінім қалдырған. Нәтижесінде жағдай қаралып, шешім қабылданды.
СНХ: КАМИЛА СЕЙІТҚАЛИЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен осы үйдің 28-пәтерінде тұрамын. Біздің аулада біреу өз бетінше бетон блок қойып, кіреберіс жолдардың бірін жауып тастаған жағдай болды. Бастапқыда бұл мәселеге аса мән бермедік. Алайда кейін жедел жәрдем қызметі кіре алмай, қиындық туындады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне ризашылығымды білдіремін. Біздің шағымымызға жедел әрекет етіп, мәселемізді шешіп берді..
РКС: Қала аумағында соңғы екі жылда арнайы техниканың қозғалысын шектеген 100-ге жуық заңсыз орнатылған тосқауыл анықталып, тиісті шаралар нәтижесінде толықтай алынып тасталды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ