ДИКТОР: Көкшетауда шайбалы хоккейден жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының плей-офф кезеңінің екінші сатысы өз мәресіне жетті. U-13 жас санатындағы «В» тобында елдің үздік командалары өзара мықтыны анықтады.

РКС: Сәуірдің 14-інде басталған турнирде «Бурабай» спорт мектебінің «Арлан 2013» командасы бақ сынасты. Алғашқы ойында таразы басын тең ұстап, тартысты матчта алматылық СКА «Стрижи 2013» командасын 4:3 есебімен жеңді.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ПЕТР БЕЛЫЙ, ҚАЗАҚСТАН ХОККЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ЖАРЫСТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Маусым бойы, тұрақты чемпионаттың, плей-оффтың екінші кезеңінің қорытындысы бойынша да қатысушы командалар санының тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар, бұл командалардың деңгейі де үнемі өсіп келеді. Спортшылар өздерінің, өз қалаларының абыройын қорғап келеді. Санаулы айдан кейін жаңа маусым басталады, сол кезде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ғана емес, басқа да барлық қатысушыларды қайта көруге қуаныштымыз.

РКС: Турнирдің екінші күні көкшетаулықтар «Торпедоны» 6:1 есебімен айқын басымдықпен ұтса, үшінші кездесуде «Ақтөбе» командасына 4:7 есебімен есе жіберді.

СНХ: МИХАИЛ БЕЛОУСОВ, «СТРИЖИ 2013» КОМАНДАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ (АЛМАТЫ): U-13 жас санатындағы «В» тобының, яғни ең мықтылар тобының жеңімпазы атандық. Өз командам үшін де, өзім үшін де өте қуаныштымын. Біз – чемпионбыз. Басқа командалар да жақсы ойнады. Бірақ осы матчтарда жеңіске жеттік. Алдағы жоспарымыз келесі маусымда «А» тобын жеңіп, чемпион атану.

РКС: Сәуірдің 18-інде өткен жартылай финалда арландықтар «Ақтөбеден» есе қайтарып, қарсыласын 7:0 есебімен ойсырата жеңді. Осылайша, «Арлан 2013» финалға жолдама алды.

СНХ: АЙДАР ҚҰСАЙЫН, «АРЛАН 2013» КОМАНДАСЫНЫҢ БАПКЕРІ: Жақсы матч өтті. Өкінішке қарай, финалда жеңіліп қалдық. Бірақ қатысушыларға еш сұрақ жоқ. Ойын сапалы болды, бірақ бүгін жеңіске жете алмадық. Алдағы уақытта дайындықты жалғастырамыз. Енді «А» тобының келесі маусымына дайындалудамыз.

РКС: Дода қорытындысы бойынша бірінші орынды алматылық «Стрижи 2013» иеленсе, екінші орын «Арлан 2013» командасына бұйырды. Ал «Ақтөбе» үздік үштікті түйіндеді. Турнир барысында командалар жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, жанкүйерлерге әсерлі сәттер сыйлады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ