ДИКТОР: Өңірде денсаулық сақтау жүйесі қарқынды дамып келеді. Аймақтағы 560-қа жуық медициналық ұйымда 12 мыңнан астам ақ халатты еңбек етуде. Соңғы жылдары ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігі айтарлықтай артты. Ұлттық жоба аясында қосымша 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны пайдалануға берілді.

РКС: Атбасар аудандық ауруханасында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Күрделі жөндеуге 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Көкшетауда 630 орынға шақталған заманауи облыстық көпсалалы аурухана салынып жатыр. Қазір құрылыстың тең жартысынан астамы аяқталды. Жоба медициналық қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі орталық құруды көздейді. Нысан келер жылы пайдалануға берілмек.

СНХ: НАРИМАН ЕРМЕК, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жоба толық инфрақұрылымы бар заманауи медициналық кластер құруды қарастырады. Ол диагностикалаудан бастап оңалтуға дейінгі барлық кезеңде көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Бұл нысанды жобалау мен салудағы мақсат еліміздің солтүстік өңірінде халықаралық деңгейдегі аурухана қалыптастыру. Мұнда озық технологиялар қолданылып, ғылым мен білім тәжірибесі тиімді үйлестіріледі. Аурухана зертханалық-диагностикалық қызметтен бастап стационарлық емдеуге дейінгі кең ауқымды қызмет көрсететін сапаның алтын стандартына айналады.

РКС: Жедел жәрдем қызметі де күшейтілді. Тәулік бойы жұмыс істейтін бригадалар саны 76-ға көбейді. Биыл 60 мыңға жуық шақыртуға қызмет көрсетілді. Өңірдегі маңызды мәселенің бірі сәбилердің өмірге келуі мен әйелдер денсаулығы. Биыл 2 089 сәби дүниеге келді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 200-ге төмен. Былтыр ана өлімінің 4 жағдайы орын алса, биыл тіркелген жоқ. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында да жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.

СНХ: НАРИМАН ЕРМЕК, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Сандықтау ауданында үш алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынады. Бұл жобаға 684 миллион теңгеден астам жалпы сипаттағы трансферттер бөлінді. Оның ішінде Каменка ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысына 383,4 миллион, Лесное ауылында 150 миллион, Байдалы ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салуға 150 миллион теңге қарастырылған. Сонымен қатар медициналық ұйымдарды жабдықтауға ерекше көңіл бөлінуде. 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында биыл 573 миллион теңгеден асатын 6 медициналық техника сатып алу жоспарланған. Оның ішінде 2 жылжымалы және 2 стационарлық маммограф, 4 датчигі бар сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу жүйесі және магниттік-резонанстық томография үшін 1 анестезиологиялық жұмыс станциясы бар.

РКС: Дегенмен, кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Өңірде 190 дәрігер жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Былтыр 140 дәрігерге 588 миллион теңгеден астам көлемінде әлеуметтік көмек берілді. Ауылдық мамандарға 5, қалаға келген дәрігерлерге 2,5 миллион тең көлемінде бір реттік көтерме ақы төленді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ