ДИКТОР: Ел төрі Астанадан Атбасар ауданына Сәкен Сейфуллиннің «Тағлым және тарих» атты жылжымалы көрмесі келіп, рухани әлемге шөлдеген жұртшылыққа ерекше тарту жасады. Көрмеде жазушының 50-ден астам құнды жәдігері көпшілік назарына ұсынылды. Көрменің ашылу салтанатына өңірдің зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен әдебиет жанашырлары арнайы жиналды. Тағылымды жиында Сәкен Сейфуллин мұрасының маңызы кеңінен сөз болып, оның қазақ руханиятындағы орны ерекше атап өтілді.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Ілияс Есенберлин атындағы әдебиет музейіне қойылған жылжымалы көрме сәуір айының соңына дейін келушілер назарына ұсынылады. Көрменің құнды дүниелерінің қатарында Сәкен Сейфуллиннің түпнұсқа шығармалары, пайдаланған жеке заттары, киім-кешегі мен уақыттың сырын бүккен қалта сағаты бар. Бұл жәдігерлер арқылы келушілер жазушының болмысын тереңірек танып, оның өмір жолына бір сәт саяхат жасағандай күй кешеді.

СНХ: МАРАТ ӘБСЕМЕТОВ, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ БІРЛЕСКЕН МУЗЕЙЛЕР ДИРЕКЦИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сәкен Сейфуллин өзі 44 жыл жасаса да қазақ халқына еңбегі зор. Әрі ақын, әрі мемлекет қайраткері. Бұл кісі Солтүстік Қазақстан шекараларын бекітіп кеткен, үкімет басқарып тұрғанда қазақ мемлекетін ұлт болу үшін көп еңбек жасаған азамат еді. Алғашқы шарттарын, алғашқы бұйрықтарын шығарғанда қазақ тілін атын қайтаруға «Қазақты қазақ дейік, қатені дүзетейік»-деп қазақ тілі мемлекет тілі қазақ халқына мемлекеттік тіл болуы үшін қанша жарлық шығарды үкімет басында, Сәкен барлық жиналысты қазақ тілінде өткізетін.

РКС: Тіл жанашыры, егемен елдің таңын аңсаған тұлға. Заманның ащы шындығы мен халықтың асқақ арманын бейнелетін шығармалары да қазақ руханияты мен әдебиеті кеңістігінде айрықша орынға ие. Солардың ішіндегі шоқтығы биік туындысы «Тар жол, тайғақ кешу» кітабының түпнұсқасы да көрме төрінен орын алды.

СНХ: ГҮЛНӘЗИЯ ЫБЫРАЕВА, СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН МУЗЕЙІНІҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Ең негізгі құжат бұл «Тар жол, тайғақ кешу» романы. 1927 жылы түпнұсқа, араб тілінде Қызылорда қаласында шыққан болатын. Және кейін оның бірнеше нұсқасы түскен болатын. Бірнеше нұсқасын осы жерге әкеліп көрсетіп отырмыз. Ол орыс, қырғыз, қазақ тілінде бірнеше вариант болып шыққан. Бұл жерде айта кететін мәселе, бірінші түпнұсқадан кейінгі шыққан нұсқалар өзгеше болып келеді. Оны біздің музейдің ғылыми қызметкерлері тексталогиялық талдау жұмыстары кезінде осындай тұжырымдарға келген.

РКС: Музей қабырғасына ілінген әрбір картина бейнеге жан бітіріп тұрғандай әсер қалдырады. Әр картина бояу мен емес заман тынысымен бейнеленген өнер туындысы іспетті. Ал, ақынның өлеңдері мен әндері тыңдарманның жүрегіне жол тартқаны сөзсіз. Көрме қонақтары өнер саңлағының туындыларынан нәр татып, көрмеден алған әсерімен бөлісті.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АЖДАР ТАЙШЫТАЕВ, АТБАСАР АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ: Көшпелі көрмеден Сәкен Сейфуллиннің өзінің жеке қолданған нәрселері мен өзінің әкесінің, анасының қолданған бұйымдары мен өте құнды жәдігерлерімен танысып өте жақсы әсер алып отырмыз. Өзіміздің көкейімізде жүрген сұрақтарға музей қызметкерлеріғ Марат ғалымнан нақты жауап алдық. Бұл тәрбие жағынан жақсы шара болды.

РКС: Дәуір шежіресін жырға қосып, қазақ әдебиеті мен руханиятына жаңа леп, тың бағыт әкелген қаламы ұшқыр жазушының жәдігерлері бұл жай ғана зат емес, ол – тұтас ұлттың құндылығы.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ