ДИКТОР: Көктем шығысымен, күн жылынып, Ақмола облысының тұрғындары таза ауада серуендеуді жиілетті. Қазір далада кененің көбейген тұсы. Аймақтың 33 тұрғыны кене шағуына байланысты медициналық көмекке жүгінді. Алайда зардап шеккендерден кене энцефалиті анықталған жоқ. Дегенмен, алдын алу мақсатында барлық зардап шеккендерге иммуноглобулин егілді.
РКС: Кене энцефалитінің шұғыл алдын алу үшін иммуноглобулин қолданылады. Ол инфекцияға қарсы вакцина алмаған ересектер мен балаларға егіледі. Алайда препарат тек кене шаққаннан кейінгі алғашқы үш тәулік ішінде медициналық көмекке дер кезінде жүгінген жағдайда ғана қолданылады.
СНХ: ҒАЛЫМБЕК АЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Заңнамаға сәйкес эндемиялық аумақтарда профилактикалық вакцинация жүргізіледі. Ақмола облысының аумағында эндемиялық аймақ болып Сандықтау ауданы саналады. Сондай-ақ алдын алу мақсатында аудан аумағында кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы алғанда, шамамен 100 гектар аумақ өңделеді. Қазір ауа райының жағдайларына байланысты бұл жұмыстар әлі жүргізілген жоқ, күннің жылынуын күтіп отырмыз, өйткені кейбір учаскелерде әлі күнге дейін қар жатыр. Қар ерігеннен кейін облыс аумағында кенеге қарсы тиісті өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
РКС: Мамандар денеден кене табылған жағдайда оны мүмкіндігінше тез арада алып тастау маңызды екенін ескертеді. Бұл ретте кененің тері астында қалған инесін зақымдап алмау керек. Дәрігерлер өз бетімен емделмеуге және медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Кене шаққан жағдайда облыстық және балалар көпсалалы ауруханаларында дәрігерлердің көмегіне жүгінуге болады. Ауыл тұрғындары орталық аудандық ауруханаларға жүгінуге тиіс. Адам денесінен алынған кенені міндетті түрде Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалына зертханалық тексеруге жіберу қажет.
РИЗА ЖҰПАРИЯ, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ