ДИКТОР: Биыл Қосшының шаһар мәртебесін алғанына бес жыл толады. Осыған орай Көкшетауда жас қаланың құрылыс жобалары талқыланды. Оның ішінде қала ішіндегі жолдары, жарықпен қамту және жаңа мектептің құрылысы. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесіп, нақты жұмыс барысымен танысты.
РКС: «BI Group» құрылыс компаниясы Қосшы қаласында бірнеше жобаны жүзеге асыруда. 2023 жылдан бастап қала ішіндегі жолдарды салу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл жас қаланың бес жылдық мерейтойы аясында жаңа мектептің құрылысы басталмақ.
СНХ: ҚАНАТ КӨШЕРБАЕВ, «BI GROUP» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: Компания жақын арада құрылыс-монтаждау техникасын, сондай-ақ өз мамандарын құрылыс алаңына жеткізеді. Менің ойымша, жұмысқа жақын арада кірісеміз. Жобалар сапалы, Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының бақылауымен, сондай-ақ инженерлік-техникалық қызметтің қадағалауымен жүзеге асырылады.
РКС: Жаңа мектеп 1500 орынға шақталады деп жоспарланған. Білім ордасы барлық заманауи технологиялармен, оның ішінде сабақтардың бейнежазбасын жүргізу жүйесімен, бейнебақылау камераларымен жабдықталмақ. Сондай-ақ мектепке «Алақан» жүйесі арқылы кіру қарастырылған. Бұдан бөлек Қосшыда жол желілерін жөндеуді қайта бастау мәселелері де қарастырылды.
СНХ: ВЛАДИМИР КУЛАКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл жол құрылысы ғана емес, сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықпен қамту жүйелерін, су өткізгіш науаларды орнату сынды кешенді жұмыстарды қамтиды. Аталған жұмыстарды «BI Group» компаниясы жуырда бастайды. Биыл жұмыстардың сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте Жол активтері сапасының ұлттық орталығы, техникалық қадағалау инженерлері, сондай-ақ тапсырыс берушілер – Қосшы қаласының әкімдігі мен Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тартылатын болады.
РКС: Аймақ басшысы аталған жобаларды қысқа мерзімде іске асыруды тапсырды. Айта кетейік, жақын арада Қосшы қаласында жаңа әлеуметтік және спорттық нысандар салу жоспарланған. Оның ішінде ЛРТ құрылысы және 350 төсек орынға шақталған жаңа емхана да салынбақ.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ