ДИКТОР: Аймақта сот шешімдерінің орындалуына бақылау күшейтілді. Тиісті департаментте цифрландыруға басымдық берілуде. Енгізіліп жатқан жаңа құралдар өндіріп алу процесін автоматтандырып, оны ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнда өзекті мәселенің бірі – алимент төлеу. Қазір өңірде жалпы берешек көлемі 700 миллион теңгеге жеткен. Азаматтардың заңды құқықтарын қалпына келтіруге цифрлық технологиялар қалай көмектеседі? Тілші баяндасын.
РКС: Өңірде жеңілдетілген өндіріс жүйесі іске қосылған. Енді жүйе шағын көлемдегі, яғни 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі қарыздарды автоматты түрде өндіріп ала алады. Сонымен қатар тұрғындар үшін «Тараптардың кабинеті» атты ыңғайлы мобильді сервис қолданысқа енгізілді. Бұл қосымша арқылы азаматтар сот орындаушыларымен қашықтан байланысып, қажетті құжаттарды жүктеп, қарыздарын онлайн түрде жылдам төлей алады. Сервис тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, азаматтарға кез келген уақытта қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
СНХ: ЕРКІН ҚАБЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Былтыр шілденің 1-нен бастап Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі азаматтардың қолайлылығын арттыру мақсатында “Тараптардың кабинеті” атты онлайн-сервисті енгізген. Аталған сервиске қол жеткізу үшін атқарушылық іс жүргізу тараптары – өндіріп алушы немесе борышкер – adlet.gov.kz сайтына тіркеліп, AdletGov мобильді қосымшасын жүктеп алып, “Тараптардың кабинеті” арқылы тіркеуден өтуі қажет. Бұл жүйе арқылы тараптар іс материалдарымен танысып, орындау кезеңдерін қадағалай алады. Сондай-ақ өтініштер мен сұраныстарды онлайн түрде жолдау мүмкіндігіне ие бола алады. Барлық хабарламалар мен құжаттар қашықтықтан, соның ішінде PDF форматында да қолжетімді.
РКС: Қазір алимент өндіріп алу мәселесі де өзекті түйткілдің бірі. Проблемалық атқарушылық істер бойынша қарыз көлемі 700 миллион теңгеден асып кеткен. Өз міндеттемелерін орындамай, заң талаптарын елемейтін борышкерлерге қатысты қатаң шаралар қолданылуда. Мәселен, биыл олардың бірі бас бостандығынан айырылып, мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмысқа тартылған. Сонымен қатар, сот орындаушылары мәселені тек мәжбүрлеу шаралары арқылы емес, әлеуметтік тұрғыдан да шешуге күш салуда. Яғни борышкерлерге жұмысқа орналасу қажеттілігі жөнінде хабарламалар жіберіліп, тұрақты табыс табуға мүмкіндік жасау бағытында жұмыстар жүргізілуде.
СНХ: ЕРКІН ҚАБЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Алимент бойынша проблемалық атқарушылық істер саны 513-ке жетіп, жалпы берешек көлемі 700 миллион теңгеден асып отыр. Оның ішінде борышкерлер мүлде төлем жүргізбеген 187 іс тіркелген. Бұл санат бойынша қарыз сомасы 311 миллион теңгеге жеткен. Алимент өндіру бағытындағы жұмыстар нәтижесінде 41 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 10-ы қамауға алынса, 25-іне айыппұл салынып, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза қолданылған.
РКС: Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде ондаған маман тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оларға ескерту беруден бастап қатаң сөгіс жариялауға дейінгі шаралар қолданылған. Сондай-ақ, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша атқарушылық құжаттарды толық орындау жоспары 72 процентке жеткен.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ