ДИКТОР: Ақмола облысында жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған ауқымды іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – облыстық «Ауыл» партиясы ұйымдастырған жастар форумы. Шараға 120-ға жуық жас қатысты. Аталған форум өңір жастарын бір алаңға тоғыстырып, өзекті мәселелерді бірге талқылауға мүмкіндік берді, өз ұсыныстарын ортаға салуына жол ашты.
РКС: Форумның негізгі бағыты – жасанды интеллект пен цифрландыру мәселелері. Мамандар заманауи технологиялардың қоғам дамуына, білім беру жүйесіне және жастардың кәсіби қалыптасуына тигізетін әсерін жан-жақты талқылады. Қатысушыларға жасанды интеллекттің табыс табу мүмкіндігін кеңейтіп, қашықтан жұмыс істеуге жол ашатыны түсіндірілді. Сонымен қатар, чат-бот әзірлеу, AI-креатив және вайб-кодинг бағыттары бойынша сұранысқа ие мамандықтар таныстырылды.
СНХ: НҰРХАТ ОРАШ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ АППАРАТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жалпы бұл жерде біз 2 бағытты байланыстырдық. 1-ші осы жастар саясатына байланысты болса, 2-ші бағыт бұл цифрландыру, яғни қазіргі заман талабына сай осы цифрландыруды елімізде енгізетін жастар деп сол жаққа қарай бағыт бұрған болатынбыз. Қазіргі таңда мына лекторларымыз жасанды интеллекті пайдалану өз жұмыстарында, одан кейін түрлі жаңағыдай цифрлық платформалар арқылы өздерінің алғашқы қаражаттарын табу мәселелерін меңгеретін болады.
РКС: Жасанды интеллекттің интернетпен тығыз байланыста дамуы киберқауіпсіздік мәселелерінің өзектілігін арттыра түскені айтылды. Осы орайда интернет алаяқтық, дербес деректердің қорғалуы және дропперлік сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері де кеңінен сөз болды. Ауылдық аймақтарды цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп, білікті мамандар даярлау ісін күшейту қажеттігі атап өтілді.
СНХ: АБАЙ КӘКІМБЕК, «ARTISAN ЕDUCATION» КОМПАНИЯСЫНЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: Өзіміз білім саласында цифрлық қондырғыларды жасаумен айналысамыз және де қазіргі уақытта өндірістік кәсіп орындарға цифрлық шешімдерді дайындаумен айналысып жатырмыз. Өкінішке орай сол салада бізге мамандар жеткіліксіз, сол себепті біз ауылдық мектептердегі балаларды қазіргі уақыттағы қажетті техникалық білім алуларына көмектесіп жатырмыз. Ақмола өңірінің басты потенциалы ол ауыл шаруашылығы. Сондықтан ауыл шаруашылығына қатты көңіл бөлінгендіктен кейін, біз балаларды оқытып, оларды осы өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға бағыттауға тырысып жатырмыз.
РКС: Форумға қатысқан жастар заманауи білім, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бойынша құнды ақпарат алды, ой-өрістерін кеңейтті. Бұл олардың кәсіби бағытын айқындауға және жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына ықпал етеді.
СНХ: АЯУЛЫМ ДАРХАНБЕК, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Бүгін ауыл партиясы ұйымдастырған іс-шарада жасанды интеллектке байланысты іс-шара өтті. Ол бізге қызықты әрі үйренгеніміз мол болды. Қазіргі таңда жасанды интеллект өте қатты маңызды жәнеде біздің көптеген жасайтын дүниелеріміз фото, видеомыздың барлығы сол программамен жасалады.
РКС: «Ауыл» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған жастар форумы бұған дейін Түркістан, Шымкент, Жетісу және Ақтөбе қалаларында да өткізілді. Алдағы уақытта еліміздің өзге де өңірлерінде ұйымдастырылмақ.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ