ДИКТОР: Көкшетауда әнші, композитор Болат Есмұқановтың «Жарығым-ай» атты шығармашылық ән кеші өтті. Тағылымы мол бұл кештің астарында терең тарих пен жүрекке жақын естелік жатыр. Әуелеген әуен Әлихан Ыдырысов жетекшілік ететін эстрадалық-үрлемелі оркестрдің сүйемелдеуімен көрерменге жол тартты.
РКС: Сахна шымылдығы Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Махаббат мұңы» әнімен түрілді. Бір кездері жастардың жүрегін жаулаған бұл ән бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. 80-жылдары қазақ эстрадасына жаңа леп әкелген Дос-Мұқасанмен қатар, өнер көгінде «Қаракөз» ансамблі де жарқырап шығады. Жақсыгелді Сейілов, Болат Есмұқанов және Сәлімжан Сейілов - осы ансамбльдің негізін қалаған тұлғалар. Бүгінде Болат Есмұқанов 60-қа жуық әннің авторы.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: МАРА ЕСМҰҚАНОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ: Сол кезде бұл кісілер 65-68 жылдары Бөкеңнің «Сағыныш» деген әні, Жақсыгелді Сейіловтың «Неге солай» деген әні шыға бастаған кез. Керемет. Ол кезде біз студент едік Алматыда. Сол әндерді орындап, жүретінбіз. Ал енді бүгінгі күні өзімнің туған елімде филармония ұжымы арнайы Бөкеңнің барлық әндеріне жеке шығармашылық кешін өткізіп отырғаны өте қуантады. Еліне келгенде, пайғамбар да күйеу баласын сыйлаушы еді дейді, филармония ұжымына алғысымды білдіремін, көп рахмет.
РКС: Кештің «Жарығым-ай» деп аталуы да бекер емес. Бұл - Болат Есмұқановтың Жақсыгелді Сейіловке арнап жазған әні. Сағыныштан туған ән бүгінде талай жанның жан дүниесін тербейтін туындыға айналды.
СНХ: БОЛАТ ЕСМҰҚАНОВ, ӘНШІ, КОМПОЗИТОР: Мұқағали мықты ақын ғой. Сөзі керемет енді. Өмір деген осы, біреу келеді, біреу кетеді. Бірге істеген досым болды, ол да композитор. Бірге туған інімдей болып кетті өзіме.
РКС: Болат Есмұқанов - сазгер ғана емес, өнердегі қарапайымдылығы мен адамгершілігі арқылы да ел құрметіне бөленген тұлға. Бұл - өнердегі әріптестерінің ортақ пікірі.
СНХ: БИСАРА МӘКЕНОВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ: Болат Есмұханов-композиторлық шығармашылығы бір басқа,адамгершілігі бір басқа. Бұл кісінің ең басты қасиеті-адамгершілік қасиеті. Мен композитормын, мен сондаймын деп кеудесін соғып айтпайды. Сондай бір тоға, жаймен жүре беретін кісі. Бұл кісі Жезқазғанда туып өскен. Жезқазғанда көп жылдар еңбк етті, Қаракөз ансамблін құрды. Жақсыгелді Сейілов екеуі. Енді бұл кісілердің мен жанында болған жоқпын, дегенмен де екеуі сырттай шығармашылық кештерін, шығармашылық әндерін өзім біліп жүрдім.
РКС: Сазды кешке жиналған көрермендердің басым бөлігі - аға буын өкілдері. Сондықтан Болат Есмұқанов пен «Қарагөз» ансамблінің шығармашылығына арналған бұл музыкалық кеш олар үшін ерекше әсерге толы болды.
СНХ: ҚУАНЫШГҮЛ МАҒЗҰМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Алған әсерім өте жақсы. Өте қуаныштымын. Мұндағы әншілер филармонияның, осы оркестрдегі әншілермен барлығы менің студенттерім. Осы ұжымға көп рахметімді айтамын.
СНХ: МАЙРА ӘДІЛЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Болат Есмұқановтың концертіне арнайы келдім. Өте жақсы өтті. Жастық шақтағы әндер шырқалып, өте жақсы өтті. Көп рахмет.
РКС: Сахнада шырқалған «Оянған махаббат», «Сен бар жерде», «Періште қыз», «Сағыныш» әндері көпшілікті бір сәт жастық шаққа жетеледі. Көкше жұрты әрбір туындыны ерекше ықыласпен қабылдап, сүйікті әндерін сахнадағы өнерпаздармен бірге қосыла шырқап, кештің шырайын келтірді.
ИНТЕРШУМ:
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ