ДИКТОР: Есіл контрреттегішінің құрылысын іске асырудың негізгі кезеңдері облыстық әкімдікте өткен кеңесте талқыланды. Жиынға қатысушылар аумақтарды тексеру қорытындыларына ерекше назар аударды. Халықаралық сарапшылар мен Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері жоспарланған құрылыс аумағын және нысанның ландшафтқа ықтимал әсерін жан-жақты бағалады.

РКС: Стратегиялық тұрғыдан алғанда жобаның ел үшін маңызы жоғары. Өйткені ол Сергеев және Петропавл су қоймаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Есіл өзеніндегі су тасқыны кезінде түсетін жүктемені азайтады. Бұдан бөлек, болашақта іске асырылатын жоспар жергілікті гидроэнергетиканың дамуына серпін беріп, 25 мың гектарға дейін суармалы жерді суара алады. Былтыр жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, еліміздің су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарына енгізілді. Жобалық сыйымдылығы 873 миллион текше метрді және ұзындығы 80 шақырымға дейін жететін ауқымды су қоймасы секундына 4600 текше метрден астам суды өткізе алады. Құрылысты келер жылы Есіл және Жарқайың аудандарының шекарасында бастау жоспарланып отыр. Есіл контрреттегіші Азия даму банкінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылмақ. «Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жобаны іске асыру үшін барлық қажетті материал ұсынылады. Бұл нысан өңірдің дамуына және су ресурстарын нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін», – деді кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан. Келесі кезеңде өңір басшысы Марат Ахметжановтың төрағалығымен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс кеңесі өтеді. Онда жобаны іске асырудың келесі қадамдары әзірленеді.