ДИКТОР: Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Атбасар ауданын жұмыс сапарымен барып, өңірдің көктемгі су тасқыны кезеңіндегі ахуалымен танысты. Аймақ басшысы су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексеріп, су өткізу арналары, бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстардың дайындығына зер салды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Жыл сайын мінез танытып, елді әуреге салатын Жабай өзенінің екпіні әлсіреген. Былтыр судың деңгейі 6 метрге дейін көтерілсе, биыл 2 есе төмендеген. Дер кезінде жасалған сақтық шаралары тасқынның бетін қайтарып, елді мекендерге қауіп төндірген жоқ.

СНХ: МАРАТ ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ, АУМАҚТЫҚ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Өткен жылы 29 іс-шара 19 елдімекенде Атбасар ауданында өткізілген алдын ала. Оның арқасында бөгеттерді нығайтып, су өтетін құбырларды тазалап, арықтарды барлығын тазалатып, елдімекендерден тасқын суды апатсыз өткізілген. Жабайы өзенінің тазалау, тазарту, кеңейту жұмыстары жүргізілген. 7,2 км арақашықтықта тиісті жұмыстар атқарылды. 200 ден аста техника және 500-ден аса қосымша күш тартылды.

РКС: Өзеннің тасқынын бәсеңдету мақсатында қосымша арналар қазылып, мамандар су ағынын тиімді реттеуде. Сондай-ақ құм салынған 30 мың қап артығымен тұр. Алдағы уақытта Жабай өзенінің жағалауы абаттандырылып, тұрғындар үшін жайлы демалыс аймағына айналдырылады. Сонымен қатар, бұлақ көздері ашылып, өзеннің су қоры қайта толыға түспек. Ауданаралық көпбейінді ауруханасы қайтарылған активтер есебінен 1,5 миллиард теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, айтарлықтай жаңартылды. Қазір ол көршілес 5 ауданның 100 мыңнан астам тұрғынына шұғыл медициналық көмек көрсета алады. Жаңа бөлімшелер ашылып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 20-ға жуық жас маман жұмысқа тартылды. Алматы, Астана, Маңғыстау сияқты ірі қалалардан келген жас дәрігерлерге бар жағдай жасалып, баспанамен қамтылды. Келесі айда оларға көтермеақы беру қарастырылған.

СНХ: АЛДАШПАЙ СҮНДЕТОВ, ЖАС МАМАН: Эндокринолог ретінде Атбасар қаласына жас маман болып келдім. Жұмыс істеп жатқаныма 6 ай болды. Атбасар қаласына шақырды, осында келдім. Өйткені бұл жерде ешқашан эндокринолог болмаған. 1300-ге жуық диспанцерлік учетта тұрған пациенттерім бар. Сонымен қатар глав врач маған эндокринологиялық 2 койка ашып берді. Жоспарлы түрде және экстренно пациенттерді қабылдаймыз.

РКС: Тұрғындарға қажетті ем-домның қолжетімділігін арттыру мақсатында аурухана 5 жаңа жедел жәрдем көлігімен жабдықталды. Ауруханада медбике мамандарының тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешу үшін өңірден жас мамандар тарту жоспарлануда. Облыс басшысы жұмыс сапары аясында белсенді ұзақ өмір орталығына да соқты. Былтыр ашылған орталыққа 100-ге жуық адам келеді. Мұнда егде және қарт адамдардың физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерін зерттеп, қартаю процесін баяулатып, өмір сапасын арттыруға бағытталған консультациялар да қарастырылған.

СНХ: СӘУЛЕ ЕСМАҒАНБЕТОВА, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫНА КЕЛУШІ: Әр кім өз қалауымен айналысады. Бір-бірімізбен танысып, білісіп, қазір бір-бірімсіз отыра алмаймыз. Бір жағынан денсаулықты нығайтамыз, бір жағынан араласып-құраласып уақыт өткіземіз. Бәрі жақсы. Қыздар көңілімізді аулап, демеп жүреді.

РКС: Бастау ауылында отандық өнімнің озық үлгісі болатын жаңа сүт-тауарлы ферма іске қосылмақ. Алып кешен 1000-нан аса малға арналған. Ірі қара Эстония елінде өсірілетін асыл тұқымдардан жеткізілмек. Ферма іске қосылса, жергілікті 70 адам жұмыспен қамтылады. Нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

СНХ: ДАНИЯР МҰҚЫШЕВ, «БАСТАУ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ: Жобаның құны 7,5 миллиард теңге. Мемлекеттік қолдаудың және қарыз алу арқылы жүзеге асырғалы отырмыз. Мемлекет тарапынан 10 жылға 2,5 проценттік жеңілдетілген несие берілді. Бұл Солтүстік Қазақстан облысының мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығындағы тәжірибесін кеңейту аясында жасалып отыр.

РКС:Ауданда көктемгі егіс науқанына да дайындық та қызу. 35 мың тонна тұқым дайындалды, оның 30 мың тоннадан астамы зертханалық тексерістен сәтті өтті. Сонымен қатар, 300 мың тоннадан астам тыңайтқыш та әзірленген. Биыл өсімдік шаруашылығының өнімділігін екі есеге арттыру жоспарланып отыр.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ