ДИКТОР.Қазақ педагогика ғылымының көрнекті өкілі, Алматыдағы Абай университетінің қалыптасу тарихында елеулі орны бар тұлға, «Қызыл террор» уақытында нақақтан-нақақ «халық жауы» деген жаламен атылған саяси қуғын-сүргін құрбаны, профессор Шәрәпи Әлжановтың туғанына 125 жыл толуына орай «Профессор Шәрәпи Әлжанов және Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына университет басшылығы, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, архив және кітапхана саласының мамандары, әр өңірден келген ғалымдар мен зерттеушілер қатысты.

РКС: Алаштың аяулы перзентін еске алу шарасы ең алдымен Жаңалық ауылында басталды. Ақмола, Алматы облысы әкімдіктерінің және Абай университетінің қолдауымен Саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткішінің жанынан Шәрәпи Әлжановтың 125 жылдығына арналған мемориалдық құлпытас орнатылды. Ғалымның рухына құран бағышталды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Тағылымды іс-шара одан соң Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қабырғасында ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасып, ғалымның ағартушылық мұрасын, ұлттық педагогика ғылымының қалыптасуындағы рөлін жан-жақты талқылауға арналды.Пленарлық отырыста ұлттық педагогика саласының көрнекті өкілінің ғылыми-педагогикалық мұрасы, қазақ білім беру жүйесінің қалыптасуындағы орны мен ұлттық мектептің дамуына қосқан үлесі жан-жақты ашылды.

СНХ МАҚСАТ ЖАҚАУ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Осы бастаманы көтерген Мұрат қажы ағамыз бастаған үлкен іс университет қабырғасында жанданып жатыр. сіздер тұрғанда бабаларымыз өшпейді. Ұрпаққа шырақшы болып жүрген міндеттеріңіз халықтың алғысына бөлене беріңіздер дейміз.

РКС: Біржан сал ауданының құрметті азаматы, «Шәрәпидің ізімен» жобасының авторы Мұрат қажы Ыдырысұлы ғалымның туған жеріне байланысты деректерге тоқталса, педагогика ғылымдарының докторы Рымшаш Кәмешқызы «Шәрәпи Әлжанов және Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты мен педагогика кафедрасының институционалдық қалыптасуы» тақырыбында баяндама жасады. Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары Мәрзия Ғаниқызы архив құжаттары негізінде тарихи деректермен таныстырса, Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы ұлттық мұраны сақтау мен зерттеудің маңызы жөнінде сөйледі.

СНХ МҰРАТ ҚАЖЫ ЫДЫРЫСҰЛЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: Мен Абылайханның хандық құрған жерінен, Көкшетаудың сексен көлінен, Оқжетпестің өрінен қылыш ұстаса батыр, қалам ұстаса ғалым, домбыра ұстаса ақын, серілердің елінен сіздерге сәлем әкелдім. Бұл қуғын сүргін ұлт трагедиясы. Солардың бірі жазықсыз атылып кеткен Шәрәпи.

РКС: Өзге де баяндамашылар ғалымның ғылыми мұрасын жан-жақты саралап, оның ұлттық педагогика ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз үлесін, ағартушылық бағыттағы табанды қызметін және қоғамдағы азаматтық ұстанымын кеңінен сөз етті. Ғылыми басқосу соңында Ақмола облысы әкімдігі тарапынан университет басшылығы мен қызметкерлеріне арнайы марапат тапсырылып, саясм қуғын-сүргін құрбаны, ұлттық педагогика ғылымының көрнекті өкілінің рухына арнап ас берілді.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ