ДИКТОР: Ақмола облысында орман өрттерімен күрес тың серпін алды. Өңірдің орман шаруашылығына 13 заманауи өрт сөндіру машинасының кілті табысталды. Аталған көліктер отандық өнім саналады. Әзірлемеден бастап жинақтауға дейін Қазақстанда құрастырылған. Бұл техникалар өрт сөндіру мамандарының ұсыныстарымен жергілікті жағдайларға бейімделіп, жасалған.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Өңірдегі орман шаруашылығының қызметкерлеріне жаңа техниканың кілттерін Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев пен облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова салтанатты түрде табыс етті. Лизинг бағдарламасы арқылы алынған техникалар орман шаруашылығы мамандарының ұсыныстарын ескере отырып әзірленді. Бұл техникаларда Қазақстанда алғаш рет өзін-өзі сөндіру жүйесі қарастырылған.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Техника жоғары өтімділігімен және маневрлік қабілетімен ерекшеленеді. Цистернаның сыйымдылығы 3 тонна. Арнайы техника өртті сөндіру жұмыстарын орман ішінде ең қиын жететін аумақтарда жүргізеді. Сондықтан, бұл машиналар қозғалыс барысында да өртті сөндіре алады. Мамандар көліктің техникалық сипаттамаларын жоғары бағалады. Өрт қаупі жоғары кезеңнің басталуымен жаңа техниканы сатып алу ерекше өзекті, дейді орман шаруашылығы қызметкерлері.
СНХ: БАХТИЯР ӘЛІМОВ, ЕРЕЙМЕНТАУ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕКЕМЕСІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ақмола облысындағы аумағымыз 16 мың гектардан асады. Оның ішінде 10 мыңға жуық гектары орманмен көмкерілген. Біз әрдайым заман талабына сай болып, техникалық паркімізді жаңартып отыруымыз қажет. Өткен жылы да техника алдық. JAC маркалы шағын орман-патрульдік кешендер, тракторлар және өртті ерте анықтау жүйесі. Бүгін біз үшін маңызды күн, жаңа техниканы қабылдап жатырмыз. Бұл орманды көбейту ісіне қосылған жаңа үлес. Сонымен қатар, бұл техника орман және дала өрттерін сөндіру кезіндегі жеделдігімізді арттыруға мүмкіндік береді. Аталған техниканы біз Өнеркәсіпті дамыту қорының лизингтік бағдарламасы арқылы сатып алып отырмыз.
РКС: Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова орман шаруашылығы қызметкерлерінің табиғи байлықты сақтау және көбейту ісіне қосқан үлесін атап өтті. Былтыр ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өңірде ірі орман өрттеріне жол берілген жоқ. Оған мамандардың еңбегі мен заманауи технологияларды енгізудің нәтижесінде қол жеткізілді. Соңғы жылдары еліміздің орман шаруашылығы мекемелері машина-трактор паркін едәуір жаңартты.
СНХ: ЖОЛБАРЫС НИЯЗ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: 2025 жылдан бастап Үкіметтің қолдауымен орман шаруашылық және жануарлар дүниесі мекемелеріне 1057 техника сатып алынуда. Оның ішінде 333 өрт сөңдіру бөлігі, 370 трактор, 374 шағын орман өрт сөңдіру кешені. Шағын орман өрт сөндіру кешені мен тракторларының барлығы орман мекемелеріне табысталды. 333 автокөліктің 152-і табысталды. Қалғаны осы жылдың мамырының аяғына дейін берілетін болады. Ақмола облысына 24 техника қарастырылған. Соның қазіргі уақытта 13-і берілуде.
РКС: Республика бойынша қосымша 170-ке жуық өрт сөндіру техникасымен қамтылады деген болжам бар. Сондай-ақ, орманшыларға цифрландыру да көмекке келмек. Өңірдің орман қорының жартысынан астамы өртті ерте анықтау жүйесімен жарақтандырылған.
РИЗА ЖҰПАРИЯ, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ