ДИКТОР: Көкшетау қаласының әкімі Ануар Күмпекеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңесте абаттандыруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Жиынға қатысушылар шаһар көшелерінің қалай өзгеретіні және жуыр арада қалалық ортаны жақсарту үшін жүргізілетін жұмыстарды саралады. Оксана Зинченко баяндасын.

РКС: Жиынға коммуналдық қызметтердің басшылары, мердігер ұйымдардың өкілдері, әкімдіктің салалық бөлімдері, сондай-ақ сәулет және қала құрылысы саласының мамандары қатысты. Шаһар басшысы көшелерді жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде әрі үздіксіз жүргізілуі қажет екенін ерекше атап өтті. Жиын барысында су тасқынының алдын алу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жыл сайын су басу қаупі бар аймақтарды қоса алғанда, бірде-бір үй мен аула биыл зардап шеккен жоқ. Жағдай тұрақты болғанымен, тиісті бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

СНХ: АНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Жылу беру маусымы да сәтті аяқталды. Коммуналдық қызметтер өз міндеттерін абыроймен атқарып шықты. Ендігі кезекте қаланы қыс бойы қар астында жиналып қалған қоқыстан тазартып, ретке келтіру міндеті тұр. Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жүзеге асырылуда. Бұл – тек тазалық шарасы ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды бастама. Қоқыс аспаннан түспейді, бәрін өзіміз шашамыз. Алдағы бес аптаны шаһарды тазалауға арнаймыз. Жоспарланған тақырыптық бағыттары бар. Осыған орай, баршаңызды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырамын.

РКС: Қала көшелерін тазалауға 100-ге жуық арнайы техника жұмылдырылып, әр аумаққа жауапты ұйым бекітіледі. Осы демалыста Бұқпа шоқысында маусымдағы алғашқы плоггинг акциясы ұйымдастырылады. Оған қатысушылар үшін алдын ала 6 мың дана қолғап пен қап әзірленген. Сондай-ақ, жаппай ағаш көшеттерін отырғызу, бей-берекет қоқыс орындарын жою жұмыстары да жүзеге асырылады.

СНХ: ЕРБОЛАТ СЕРІКПАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру және Көкшетау қаласының аумағында абаттандыру мен санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында сәуірдің 11-і мен мамырдың 11-не дейін көктемгі абаттандыру айлығы өтеді. Оның басты мақсаты – қаланың аумағын қажетті санитарлық жағдайға келтіру, экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру.

РКС: Кеңес қорытындысы бойынша шаһар басшысы жауапты орындаушыларды тағайындап, оның нақты орындалу мерзімін де бекітіп берді. Бастысы-шаһар шаруашылығының барлық саласында жұмыстың сапалы орындалуын қамтамасыз ету. Осыған орай Көкшетау қаласының әкімдігі тұрғындарды белсенділік танытып, туған өлкені абаттандыруға атсалысуға шақырды.

ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ