ДИКТОР: Көкшетауда алғаш рет асқазан-ішек жолдарын микрокапсулалық эндоскопия әдісімен зерттеу жүргізілді. Инновациялық жоба қалалық көпсалалы аурухана базасында жүзеге асырылды. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Өмір және денсаулық туралы ғылым» орталығының профессорларының бастамасымен іске асты. Заманауи әдістің басты мақсаты - тоқ ішек ауруларын ерте кезеңде анықтап, дер кезінде диагностика жасау.
РКС: Зерттеу барысында Израильде өндірілген инвазивті емес диагностикалық жүйе қолданылды. Бұл жоғары технологиялы капсула өңештен бастап асқазан, аш ішек және тоқ ішек арқылы еркін қозғалып, ағза ішіндегі жағдайды толық бақылауға мүмкіндік береді. Қозғалыс кезінде құрылғы шамамен 100 мыңға жуық жоғары сапалы сурет түсіріп, деректерді нақты уақыт режимінде дәрігерлерге жеткізеді.
СНХ: НҰРБЕК ИГІСІН, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ «ӨМІР ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Видеокапсулалық диагностика жасырын ауруларды ерте анықтауға үлкен мүмкіндік береді. Бұл әдіс тек тоқ ішекті ғана емес, бүкіл асқазан-ішек жолын толық қамтиды. Капсула ағза арқылы өтіп, шамамен 8–12 сағат ішінде толық бейнені жинақтайды. Соның нәтижесінде біз ішкі ағзалардың нақты жағдайы туралы жедел әрі дәл ақпарат аламыз. Бұл әдістің басты артықшылығы – оның жоғары сезімталдығы мен нақтылығы.
РКС: Жаңа технологияны профессор Гүлсара Рүстемова да қолданып көрген. Айтуынша, бұл әдіс дәстүрлі гастроскопия мен колоноскопиямен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл, қауіпсіз әрі науқас үшін қолайлы.
СНХ: ГҮЛСАРА РҮСТЕМОВА, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ «ӨМІР ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ: Бұл әдісті өзімде сынап көрдім. Айта кетерлігі, бұл – минималды инвазивті және өте ыңғайлы тәсіл. Қазіргі таңда асқазан-ішек жолдарын зерттеуде біз көбіне эндоскопиялық әдістерді қолданамыз, мысалы ФГДС немесе фиброколоноскопия. Олар тиімді болғанымен, науқастарға белгілі бір деңгейде жайсыздық тудырады. Ал капсулалық диагностика – мүлдем ауыртпалықсыз балама.
РКС: Мамандар мұндай жоғары технологияларды елімізде де өндіруге толық мүмкіндік бар екенін айтады. Бүгінде Израильде шығарылатын бір капсуланың құны шамамен 400 мың теңге. Және ол - тек бір рет қолданылады. Яғни, ғылыми база мен білікті мамандар жеткілікті болса, отандық өндірісті жолға қоюға толық мүмкіндік бар. Дегенмен, әзірге бұл инновациялық өнімдер шетелден жеткізілуде.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, КӨКШЕ АҚПАРАТ