ДИКТОР: Көкшетауда зейнеткерлерге тегін құқықтық көмек көрсетілді. Шаһардағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өткен әлеуметтік бастама аясында қариялар кәсіби заңгерлерден кеңес алып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Шараны Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің құқық кафедрасы ұйымдастырды.
РКС: Жер даулары, әлеуметтік төлемдер және несие берешектеріне қатысты сұрақтар. Қабылдауға келген тұрғындар осы және өзге де құқықтық мәселелер бойынша жүгінді. Мамандар әр өтінішті жеке қарастырып, заң аясында бағыт-бағдар берді.
СНХ: АРДАҚ ҚАПЫШЕВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Біздің кафедра оқу үдерісімен шектелмей, теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, заң клиникасы негізінде қала тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсетіп келеді. Былтыр біз әділет департаменті, нотариат палатасы және полиция департаментімен бірлесіп меморандумға қол қойдық.
РКС: Университет жанынан ашылған заң клиникасы аз уақыт ішінде тиімді алаңға айналып үлгерді. Мұнда студенттер тәжірибе жинақтаса, шаһар тұрғындары нақты құқықтық көмек алды.
СНХ: ҚАҒИРА РАХИМОВА, ЗЕЙНЕТКЕР: Өте керемет, мын қуанып қалдым, шынын айтсам. Бізге осы жерде бүкіл жақсылықтың бәрін жасап жатыр ғой. Қолдарынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Маған, менің өзім өмірімнің осы күнімнің бір жұмысқа келгенде келем ғой, рахмет, алғысым шексіз. Олар болашақ заңгерлер екен. Жолдары болсын, бақтар ашылсын, көздері ашылсын, жолдары ашылсын. Үлкен-үлкен маман иесі болсын.
РКС: Ал кеңес беру сапасын арттырып, әр мәселені жан-жақты қарастыру үшін шараға студенттермен қатар тәжірибелі заңгерлер, жеке сот орындаушылары, полиция және әділет органдарының өкілдері де қатысты.
СНХ: ЛИЗА ЕСЕНБОЛ, СТУДЕНТ: Жалпы шара барысында азаматтар өздерінің жеке басына қатысты сұрақтарды арнайы мамандарға қою арқылы баға бағдар алды. Жалпы мұндай шаралар арқылы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заң мәселесін дұрыс және толық меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар осы заң клиникасы арқылы тек қана азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруғаны емес, сонымен қатар студенттердің тәжірибесін арттыруға да мүмкіндік береді.
РКС: Осындай игі бастамалардың арқасында құқықтық көмек халыққа бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Ал болашақ заңгерлер өз кәсібінің қыр-сырын тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік алды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ