ДИКТОР: Бүгін өңір төрінде жырдың жалауы желбіреп, сөздің салтанаты асқақтаған ерекше кеш өтті. Қазақтың ұлы жырауы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған ұстаздар арасында айтыс ұйымдастырылды. Сахна төріне суырып салма өнердің саңлақтары емес, білім мен ілімнің шам шырақтары шықты. Қазақ тілі мен әдебиеті, еңбек пәнінің мұғалімдері жүрек түкпіріндегі ойларын көмейден төгілген жырмен өріп, көрерменді тәнті етті. Олар Жамбыл рухын жаңғыртып, ұлттың мұңы мен қуанышын, ұрпақтың үміті мен болашағын айтыс тілімен өрнектеді. Дәл осындай жоба Ақмола облысында алғаш рет.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Әр шумақтан дана Жамбылдың ізі аңғарылып, әр сөзден ұлттық рухтың лебі есіп тұрды. Ұстаздар тек білім шамын жаққан жан емес, халықтың рухани мұрасын жалғаушы алтын көпір екенін дәлелдеді. Аталмыш өнер додасына шаһардың 10-ға жуық білім ордасынан оқытушылар ат салысты.

СНХ: ЕРКЕГҮЛ ҚАРАҚОЖАҚЫЗЫ, КРАСНЫЙ ЯР КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ: Айтыс-халық қазынасы дейді. Сондай бір үлкен өнер додасының куәгері болғаныма өте қуаныштымын. Жаңағы айтыс өнері жыр алыбы Жамбылдың 180 жылдығына арналған өте әсерлі, сәтті өтті деп ойлаймын. ақындар аз уақыт болсада, ұстаздар бір жағынан өз сабақтарын берумен қатар, өнер додасына келіп ат салысты. Көрермендер де айтысқа қатысушыларда үлкен әсерде болды деп ойлаймын. сондықтан бұл өнер әлі де өз жалғасын тапса деген ойдамын.

РКС: Бұл айтыс тек өнер бәсекесі емес, ұлт рухын ұлықтаған, Жамбыл аманатын жаңғыртқан тағылымды тағзым болды,-деп қазылар алқасы қатысушылардың өнеріне оң бағасын берді.

СНХ: МҰХАММЕД ҚОҢҚАЕВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН: Бұл жерде енді ақындар емес қой, ұстаздар қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері бар, техналогия пәнінің мұғалімдері барынша дайындалып келген. Бұл жерде енді ұстаздық жеңді. Қазақтың өнері жеңіп тұр ең бастысы.

РКС: Кеш соңында жыр додасында дараланған жүйріктер анықталып, еңбегі еленген ұстаздар марапат биігіне көтерілді. Киелі сахна төрінде өнер көрсеткен әр ұстазға бағалы сыйлық пен диплом табысталды. Ал, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған айтыстың бас жүлдесі, сөз бен ойдың ұшқырлығын танытып, сөз өнерінің иірімін өрнектей білген №19 мектептің мұғалімі Нұрлыбек Романға бұйырды.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ