ДИКТОР: Сәуірдің екісі – дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпараттандыру күні. Осыған орай шаһарда ерекше балалары бар ата-аналар мен қоғамдық қор өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен арнайы отырыс өтті. Шара барысында аутизмнің өзекті мәселелері талқыланды.

РКС: Қазір өңірде мыңға жуық аутизмге шалдыққан бала бар. Былтырдан бері ерекше балалардың саны 200-ге артты. Мамандар ерекше қажеттіліктері бар балалардың саны жылдан жылға өсіп келе жатқанын, ал оңалту орталықтарының жетіспейтінін айтады.

СНХ: ЛЕЙЛА МАМЕДОВА, ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГ, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ: Негізгі мәселе – қоғамның аутизм не екені туралы түсінбейтіні. Сол себепті түрлі стереотиптер пайда болады. Ерекше балалардың ата-аналары азап шегеді, өйткені олар өз балаларын сыртқа шығарып, оқуға немесе балабақшаға беруден қорқады. Басқа ата-аналар аутизмнің не екенін түсінбейді, сондықтан олар қорқып, өз балаларына аутизмі бар балалармен араласуға және ойнауға тыйым салады. Сондықтан қоғамымыз әрқашан өзара әрекеттесуге дайын болуы керек.

РКС: Шара барысында ерекше балаларға арналған арнайы орталықтар мен бағдарламалардың санын көбейту, сондай-ақ ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетіп, инклюзивті білім беру саласын дамыту мәселелері қозғалды.

СНХ: МАХАББАТ ҚАСЫМОВА, «ИНКЛЮЗИВТІ АТА-АНАЛАР» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Қазір балаларға арналған үш оңалту орталығы бар – «Viamedis», «Қамқорлық» және «Болашақ». Өкінішке орай, «Қамқорлық» пен «Болашақ» орталықтары аутизмі бар балалармен жұмыс істемейді. Біз қоғамдық белсенділер ретінде осы мәселелерді көтеруге тырысамыз, сол арқылы шешім табылып, балаларымыз оңалтудан толық пайдалана алатындай жағдай жасауға тырысамыз.

РКС: Ата-аналар ерекше балалардың жетілген шағында назарсыз қалуына да алаңдаушылық білдірді. Кәмелеттік жасқа толған соң олар үшін арнайы орталықтар жоқ, ал бар бағдарламалар тек балаларға бағытталған. Педагогтар мен ата-аналар ұзақ мерзімді әлеуметтік және медициналық қызметтерді, оның ішінде оңалту, кәсіби оқыту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларын құру қажеттігін атап өтті.

СНХ: ҚҰРАЛАЙ АЗАМАТ, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ: Мен ерекше баланың анасы ретінде балама барлық қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Біздің қоғамдық қор 3 жыл бұрын жазғы лагерь ашқан болатын. Қоғамдық қорымыздың басты мәселелерінің бірі өзіміздің жекеменшік мекемеміз болмай тұр. Жазғы уақытта балаларымызды, ерекше балаларға арналған лагерь биыл қайда баратынын білмейміз.

РКС: Шара соңында қатысушылар балалардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғау, сондай-ақ аутизм мәселесіне қатысты ақпараттандыруды күшейту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар аутизм мәселелері туралы ақпараттандыру жұмысына үлес қосқан ата-аналар «Инклюзивті ата-аналар» қоғамдық қорының Алғыс хаттарымен марапатталды.

ИНТЕРШУМ:

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ