ДИКТОР: Ақмола облысында «Уылдырық шашу» акциясы басталды. Инспекторлар облыстық полиция департаментімен бірлесіп, күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Өзен-көлдерде құқық бұзушылықтардың алдын алу және заңсыз балық аулауды анықтау жұмыстары күшейтілуде. Балық аулауға уақытша шектеулер енгізіліп, олардың сақталуы қатаң бақылауға алынды. Бұл шаралар су биоресурстарын қорғау және табиғатты сақтау мақсатында қабылданып отыр.
РКС: «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» ҚР Заңының 52-бабына сәйкес, инспекторлар құжаттарды тексеріп, көлік пен жүзу құралдарын тоқтатып қарап, заңсыз алынған жануарлар мен аулау құралдарын тәркілей алады. Сондай-ақ құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартуға құқылы. Заң талаптарына бағынбағандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 462-бабына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бірінші тоқсанда өңірде 43 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, шамамен 26 заңсыз балық аулау құралы тәркіленді.
ГРАФИКА МӘТІНІ: Ақмола облысында уылдырық шашу кезеңінде балық ресурстарын қорғау мақсатында уақытша шектеулер енгізілді. Сәуірдің ортасынан мамырдың ортасына дейін шортан, аққайран және көксерке балығын аулауға тыйым салынады. Мамырдың соңынан маусымның соңына дейін сазан, яғни тұқы балығын аулауға болмайды. Наурыздың басынан маусымның ортасына дейін артемия цисталарын жинауға шектеу қойылған. Маусымның басынан шілденің ортасына дейін өзен шаяндарын аулауға тыйым салынады. Ал тамыздың басынан қыркүйектің ортасына дейін гаммарус балығын аулауға шектеу енгізілген.
ИНФОГРАФИКА:
15 сәуір - 15 мамыр
ШОРТАН АҚҚАЙРАН КӨКСЕРКЕ
20 мамыр – 20 маусым
САЗАН (ТҰҚЫ)
1 наурыз – 15 маусым
АРТЕМИЯ ЦИСТАЛАРЫ
1 маусым – 15 шілде
ӨЗЕН ШАЯНДАРЫ
1 тамыз – 14 қыркүйек
ГАММАРУС
СНХ: НҰРЛАН ТӨЛЕГЕН, ЕСІЛ ӨҢІРАРАЛЫҚ БАССЕЙНДІК БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Есіл, Нұра, Сілеті өзендерінде және олардың барлық салалары мен су қоймаларында 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында балық аулауға толық тыйым салынады. Алайда, 13 мамырдан бастап балық ресурстары мен басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен деривиаттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы 2026 жылғы 3 наурыздағы № 78 бұйрықтың жаңа редакциясы күшіне енеді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, шектеулер енді жекелеген балық түрлеріне ғана емес, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының әкімшілік шекаралары шегіндегі барлық су айдындарында толық балық аулауға тыйым салынады.
РКС: Облыстық полиция департаменті табиғатты қорғау полициясының штаттық құрамында 22 қызметкер бар. Олар су айдындары мен жағалауларды күшейтілген режимде бақылайды. Аумақтық балық инспекцияларының бөлімдерімен өзара байланыс орнатып, қоғамдық рейдтер жүргізеді. Сондай-ақ базарлар мен сауда орындарында балықтың сатылуын қадағалайды.
СНХ: УӘЛИХАН ЖҮНІСПЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Арнайы назар браконьерлікке аударылады. Әсіресе ау, электр қармағы және басқа да су жануарларына зиян келтіретін тыйым салынған құралдарды қолдану жағдайлары қатаң бақыланады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 383-бабына сәйкес балық аулаудың ережелерін бұзуға қатысты 95 дерек анықталды. Сонымен қатар, тыйым салынған 7 аулау құралы тәркіленді. Ең ауыр құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық іс қозғалады. Алдын алу жұмыстары халыққа заң талаптарын түсіндіру, ақпараттық материалдарды тарату және бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландырулар жасау арқылы жүзеге асырылады.
РКС: Барлық шаралар табиғи ресурстарды сақтау және заңсыз балық аулауды болдырмауға бағытталған.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ