ДИКТОР: Өңірде «Қауіпсіз үй» республикалық рейдтік іс-шараның қорытындысы шығарылды.Бірнеше күн қатарынан полицейлер мен әлеуметтік қызмет өкілдері жағдайы төмен отбастарын аралап, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтады. Көмекке зәрулері де назардан тыс қалған жоқ. Рейдтер қалай жүргізілді және нәтижесі қандай болды, тілшіміз баяндайды.
РКС: Алдын алу шаралары наурыздың 26 мен 29 аралығында өтті. Оған учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция қызметкерлері, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бойынша бөлімше, сонымен қатар мемлекеттік орган, мемлекеттік емес сектор мен әлеуметтік қызмет өкілдері қатысты. Басты мақсат отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттерін анықтау және жәбір көргендерге көмек көрсету болды. Тәуекел тобына жататын отбастарына және ауыр жағдайға тап болған адамдарға ең басты назар аударылды.
СНХ МАРИЯ ХАЛИКОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: Рейд барысында қоғамдық қауіпсіздікті бұзғаны үшін 804 әкімшілік хаттама толтырылды, алдын ала тіркеуге 175 адам алынды, 46 тұлға уақытша бейімдеу және айықтыру орталығына апарылды. Ауыр өмірлік жағдайға тап болған 31 адамға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді.
РКС: Мамандардың айтуынша, мұндай рейдтер тек құқық бұзушылықтың жолын кесіп қоймай, азаматтардың құқығын қорғау жұмыстарын да жүйелендіреді. Тұрғындардың қырағылық танытуы, сала қызметтерін осындай әрекеттердің алдын алуға жұмылдыруға ықпалы зор.
СНХ: МІНУАРА ЖОЛМАҒАНБЕТОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Құрметті тұрғындар! Сіздерді зорлық-зомбылық фактілеріне көзжұмбайлық танытпауға шақырамыз. Егер сіздер құқық бұзушылық фактілерінің куәсі болсаңыздар, немқұрайлы болмаңыздар. Уақытында соғылған қоңырау бір адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін естен шығармаңыздар.
РКС: Полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздік жеке адамның жауапкершілігінен басталады дейді. Зорлық-зомбылық фактілерінің куәсі болсаңыз бірден құқық қорғау органдарына хабарласыңыз, сол арқылы сіз бір адамның денсаулығы мен өмірін сақтап қаласыз.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.