ДИКТОР: Бүгін – халықаралық құстар күні. Бұл экологиялық мереке құстардың түр алуандығын сақтау мақсатында ұйымдастырылады. Бұл күні мектептерде, балабақшаларда және экологиялық орталықтарда құстарға үйшіктер жасау, ағаштарға ұя салу, танымдық сабақтар мен көрмелер өткізіледі.

РКС: Ақмола өңірінде отырықшы және қоныс аударатын құстардың түрлері мекен етеді. Олардың ішінде ерекше қорғалып, Қазақстанның Қызыл кітабына енген аққу, тырна, дала қыраны, қоқиқаз, бүркіттер бар. Құстарды атудың өзіндік ережелері бекітілген және заңмен қорғалған.

СНХ: ДІНӘЛІ АЙТҚОЖИН, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Аңшылық қағидаттарының талаптарын сақтай отырып, бекітілген аңшылық жабайы, аталық үйректерге және қырмандардағы құр мен саңырау құр аталықтарына,тиісті лимит болған кезде, 15 күн мерзімге көктемгі аң аулауды жүргізуге рұқсат берілген. Соның өзінде бәрі заң шеңберінде жүргізілуі тиіс.

РКС: Тілеубек Дөтей Красный Ярдағы №3 көпсалалы мектеп-гимназияда көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Көктем туа сала оқушылармен бірге құстардың үйін дайындауға кіріседі. Ағаштан түйін түйетін шебердің әр сабағы қызықты. Ер баланың нағыз азамат болып шығуы қолынан келетін ісінен көрінеді дейді ол.

СНХ: ТӨЛЕУБЕК ДӨТЕЙ, КРАСНЫЙ ЯРДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ КӨРКЕМ ЕҢБЕК ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Жыл сайын дәстүр бойынша құстарға үй істейміз.Құстарға деген қамқорлық, табиғатқа деген қамқорлығымызды балалар арқылы көрсетеміз. көркем еңбек сабағына келгенде балаларға өлшемін беремін, сонымен жасап шығады. Келешекте өз өмірлеріне сабақ болады.

РКС: Құстың ұясын өз қолымен жасаған балалардың қоршаған ортаға, аң мен құстарға деген қамқорлығы оянады. Айналаға көрік беретін тіршілік иесінің пайдасы да сабақ барысында түсіндіріледі. Бұған дейін мектептің маңайындағы ағаштарға құстың үйін орнатқан оқушылар бүгін тағы біреуін қараторғайларға арнап ілді.

СНХ: МЕРЕКЕ АМАНБАЙ, КРАСНЫЙ ЯРДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Көктем жақындаған кезде біз ұяшықтар сала бастаймыз. Олар келген кезде жем мен тұқымдарын салып қоямыз. Күн жылынған сайын олар келе бастайды, көбейеді. Олар өздерінің әсем дауыстарымен ән салып, шықылықтайды.

СНХ: НҰРТАС САҒЫНБАЙ, КРАСНЫЙ ЯРДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Маған құстар өте ұнайды. Өйткені құстардың әсем әндері ұнайды. Құстардың әр түрлері бар. Құстарды ешқашан атуға болмайды. Олар әдемі ән салып, бәріне жақсы көңіл күй сыйлайды.

 РКС: Балаларды жастайынан мейірбан етіп тәрбиелеудің негізі осындай кішігірім әрекеттерден басталады. Егер қасыңа ертіп жүріп, талды баптау, аң-құстарға мейіріммен қарау, таза суды лайламау сияқты жақсы істерге баулысаң, өскенде қоршаған ортаны олар да аялайтын болады.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, «КӨКШЕ-АҚПАРАТ».