ДИКТОР: Көкшетауда футзалдан Қазақстан Республикасы чемпионатының бірінші лигасының төртінші кезеңі жалғасуда. Кезеңнің алғашқы күні көкшетаулықтар Қызылорда командасын 5:2 есебімен жеңіп, үш ұпай ұтып алды. Ал кеше «Elim-Ai» командасы екінші ойынын Атыраудың «Maqat» құрамасымен өткізді. Ойын нәтижесі туралы тілшіміз Евгений Варанкин айтсын.

РКС: Ойын футзалға тән қарқынды шабуылдармен басталды. Алғашқы минуттарда командалар бір-біріне дес бермей, тең деңгейде ойнады. Алайда бірінші кезеңнің төртінші минутында атыраулықтар «Elim-Ai» қақпасына алғашқы гол соғып, есеп ашты.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: МЕЙІРБЕК ЖҰБАТОВ, «ELIM-AI» КОМАНДАСЫНЫҢ ҚАҚПАШЫСЫ: Көңіл-күй өте жақсы. Жаттықтырушының қойған мақсаттарын толықтай орындадық десем болады. Қателіктер бар, бірақ соны түзеуге тырысып жатырмыз. Бүгінгі ойын Атыраудан «Maqat» командасы, бұл жігіттер енді тәй-тәй басқаннан футзал ойнап келе жатқан жігіттер. Кезінде Қазақстанның намысын қорғаған жігіттер бар. Ұлттық құрамада ойнаған жігіттер бар. Сондықтан өте ауыр, өте қиын ойын болады. Бірақ біз тек ғана үш ұпайды алып кету үшін келдік.

РКС: Ойынның 11-ші минутында «Elim-Ai» командасы тағы бір гол жіберіп алды. Алайда екі минуттан соң көкшетаулықтар қарқынды шабуыл жасап, «Maqat» қақпасына гол соқты. Матчтың бірінші кезеңі 2:4 есебімен атыраулықтардың пайдасына аяқталды.

СНХ: БЕЙБІТ ТӨЛЕГЕН, ЖАНКҮЙЕР: «Elim-Ai» командасына қолдау көрсетуге келдік. Тіпті немерелерімізді де ертіп әкелдік. Кешегі ойын керемет болды. Кеше командамыз тамаша ойнады: қарсыластың қақпасына жиі шабуыл жасап, әдемі голдар соқты. Осындай команда бар екеніне қуаныштымыз. Бүгін міндетті түрде жеңуіміз керек, өйткені өз алаңымызда ойнап жатырмыз. Бүгінгі ойын ең қиындарының бірі болады, шиеленіс сезіледі. Бірақ жігіттер қарқынын күшейтіп, жақсы голдар соғады деп сенемін.

РКС: Ойын 5:7 есебімен «Maqat» командасының пайдасына аяқталды. Осылайша көкшетаулықтар турнир кестесінде 20 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. Келесі ойынды көкшетаулық «Elim-Ai» командасы сәуірдің екісінде Оралдың «Бәйтерек-Жас» командасына қарсы өткізеді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ