ДИКТОР: Ерейментауда өндірілген сапалы қой еті Қатар еліне экспортталады. Ал жоғары сапалы сиыр еті елорданың дүкен сөрелеріне жеткізіледі. Осылайша, мемлекет пен жеке инвесторлардың қолдауымен ауданда ет кластері қарқынды дамып келеді. Торғай және Майлан ауылдарында заманауи асыл тұқымды репродукторлар жұмыс істейді. Мұнда қалмақ және қазақтың ақбас сиыр тұқымдары өсіріледі. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, шаруа қожалықтарымен кездесіп, мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндірді.
РКС: 2030 жылға дейін Торғай ауылында қалмақ тұқымды ірі қараның аналық басын 22500 басқа жеткізу жоспарланып отыр. Мұнда екі бірдей жоғары технологиялы репродуктор жұмыс істейді. Сондай-ақ, жылына 30 мың басқа дейін мал бордақылайтын заманауи алаң іске қосылған. Мамандар қалмақ тұқымы жергілікті табиғатқа бейімделген, тез салмақ қосып, жоғары өнім береді,-дейді.
СНХ: МИРАС ҒАББАСОВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАЛМАҚ ТҰҚЫМДЫ ІРІ ҚАРА МАЛ ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Соңғы жылдары республикада мал басының өсімі айтарлықтай байқалып отыр: 2020 жылы 21 мың бас болса, бүгінде бұл көрсеткіш 75 мың басқа жетті. Өткен жылы ғана Ақмола облысына 4,4 мың бас мал жеткізілді. Сонымен қатар, өсіру сапасына ерекше назар аударылуда. 5–6 айлық бұзаулар арнайы кезеңнен өткізіліп өсіріледі, бұл өз кезегінде мал өнімділігінің жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етеді.
РКС: Ет кластерін дамытуға жергілікті тұрғындар да тартылмақ. Алдағы уақытта ауданда 300-ге жуық фермерлік шаруашылық ашу көзделіп отыр. «Якорлық кооперация» қағидаты негізінде мемлекеттік қолдауға қосымша тауарлық несие бағдарламасы енгізілуде. Инвесторлар ауыл тұрғындарына кәсіби кеңес пен ветеринарлық сүйемелдеу көрсетуге де дайын.
СНХ: ГҮЛМИРА ИСАЕВА, «ТОРҒАЙ» КОНСОРЦИУМЫНЫҢ ӨКІЛІ: Қалмақ сиыры тұқымын өсіруге бағытталған бұл жоба - ауыл шаруашылығындағы кооперацияның жаңа сапалық деңгейін айқындайтын маңызды бастама. Фермерлерді озық тәжірибелерімен танысып, кәсіби әлеуетін де арттырады. Жоба аясында аналық мал басымен қатар, жем-шөп, ветеринарлық сүйемелдеу, яғни барлық қолдау жүйесі қарастырылған.
РКС: Ал бағдарламаның басты ерекшелігі - цифрлық бақылау жүйесі. Енді мал басы мен шаруашылық жұмысы заманауи технологиялар арқылы есепке алынады. Бұл жүйе мал басын қашықтан бақылап, толық есеп жүргізуге мүмкіндік береді.
ШУМ:
РКС: Бұған қоса, ауданда қой шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Торғай ауылында 10 мың басқа арналған бордақылау алаңы жұмыс істейді. Шаруашылық толық жем-шөп қорымен қамтамасыз етілген. Өндірілетін ет ішкі нарықпен қатар, Қатар мемлекетіне де экспортталады.
СНХ: АЙДАР НЫҒМЕТОВ, «ЕРЕЙМЕНТАУ АСТЫҚ-2014» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ: Жергілікті қой тұқымын ағылшын селекциясындағы жоғары өнімді тұқымымен будандастыру арқылы біз сапалы әрі Таяу Шығыс нарығының талаптарына толық сәйкес келетін мал түрін қалыптастырып отырмыз. Мұндай тәсіл өндірілетін еттің сапасын арттырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де күшейтеді. Соның нәтижесінде дайын өнім шетелге жөнелтіліп, ай сайын шамамен 2 мың тонна ет сыртқы нарыққа шығарылады.
РКС: Шаруа қожалықтарының жұмысымен танысқан аймақ басшысы Марат Ахметжанов мұндай жобалардың стратегиялық маңызын атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Мемлекет мұндай жобаларды қолдайды. Бұл біздің ортақ брендіміз әрі мақтанышымыз. Басты мақсат - ауыл шаруашылығының дамуын тежейтін кедергілерді жойып, саланың өркендеуіне жол ашу. Сондықтан мал шаруашылығын дамытуға ниетті әр фермерге қолдау көрсетуге дайынбыз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жедел, тиімді әрі уақытылы болуы тиіс.
РКС: Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы шаруа қожалықтарымен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірді. Қатысушыларға қаржыландыру тетіктері туралы ақпарат берілді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ