ДИКТОР: Бурабайда IV өңіраралық "Dala Carbon Forum" экологиялық форумы өтті. Іс-шара барысында сарапшылар Қазақстанның аграрлық саласына климаттың өзгеруіне қарсы күрес әдістерін енгізу мәселесін талқылады. Егіншілік экологияға қалай оң әсер ете алады? Бұл үшін фермерлерге қандай жолдар ұсынылуда? Тілші баяндайды.

РКС: Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 200 миллион гектардан асады. Ел фермерлерінің әлемдік көміртегі нарығына шығуға да мүмкіндік жоғары. Топырақта жиналатын көміртекті монетизациялау бойынша көршілес Солтүстік Қазақстан облысында пилоттық шаруашылық дайындалып жатыр. Алғашқы көміртегі бірліктерін 20 мың гектар аумақтан 2028 жылы шығару жоспарланып отыр.

СНХ: ЛӘЗЗАТ РАМАЗАНОВА, "ECOJER" ҚАУЫМДАСТЫҒЫ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Елімізде бірінші рет пилоттық түрде біз ауыл шаруашылығында жаңа жасыл экономиканың инструменттерінің қолданып отырмыз. Енді көміртегі квоталары ол жаңа деңгейі. Қарапайым қожалықтар бүгін өзінің жерінен жер өндіріп жатыр, соның пайдасын екі түрлі көруге болады. Бұл жаңа инструмент. Ол министрлік тарапынан да. Қоршаған орта қорғау және экология министрлігімен бірге бірлесіп, бұл жобаны іске асырып отырмыз Бұл ауыл шаруашылығына өнімдеп отқан, бидай егін отқан, арпа егіп отқан қожалықтарға жаңа мүмкіндіктерді береді дейміз.

РКС: Климаттық амбициялар бүкіл әлемде артып келеді. Жаһандық үрдістен Ақмола облысы да шет қалмайды, - деді өңір басшысы Марат Ахметжанов. Жергілікті диқаншылар тек астық сатудан ғана емес, көміртегі офсеттерін іске асыру арқылы да табыс таба алады. Былтырдан бері өңірдің ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізіліп келеді. Қазір 5 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері цифрландырылған.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Табиғатты аялау – әр адамның басты міндет деп санаймыз. Біз инновация үшін ашықпыз. Және осы жерде мен ойлаймын жақсы тым идеялар болады, біздің ауыл шаруашылығымызды ары қарай дамытуға. Жерді тиімді пайдаланып, жаңа ғылыми зерттеуге сүйеніп пайдаланатын болсақ, жер өзі өзіннің жемісің елге береді.

РКС: Облыс жыл сайын 2,5 миллион тоннаға жуық астық экспорттайды. Оны 30-дан астам көрші және алыс шет елдер сатып алады. Аймақ халықаралық деңгейде жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін сенімді жеткізуші ғана емес. Сонымен қатар Ақмола өңірі егістік жерлер мен жайылымдарды климаттық актив ретінде пайдалана отырып, өзге елдермен ынтымақтастықта жұмыс істемек ниетте.

СНХ: АЛЕШКА СИМКИЧ, ЕВРОПА ОДАҒЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ: Еуропалық Одақ жерді қалпына келтіруді қарастыруда. Климаттың өзгеруін ескерсек, бұл өте маңызды. Біз онымен күресудің жолдарын іздестіруіміз қажет. Инженерлік инфрақұрылымды жүзеге асырып қана қоймай табиғатты құру арқылы жасау керек. Бұл қысқа мерзімді шешім емес. Бұл жерде табыс пен ауыл шаруашылығы өнімін ұлғайтумен қатар, ұзақ мерзімді перспективаны да ескеру маңызды. Экологиялық әлеуетті арттыру қажет. Ал Қазақстанда мұндай мүмкіндік зор. Еуропада ондай жоқ, өйткені бізде сіздердегідей кең байтақ жер жоқ. Мұнда көміртегі несиелері мен нарығын дамыту керек. Біз шаруаларды сендіре отырып, инвестиция тартуымыз қажет. Осы мақсатқа жету үшін бірге жұмыс істейміз. Қазақстан бұл саладағы көшбасшылардың бірі және біз бұл ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді.

РКС: Көміртекті квоталар көміртегі бейтараптығына бағытталған жалғыз қадам емес. Қазір аймақта көгалдандыру науқаны белсенді жүргізіліп жатыр. Тек соңғы бес жылда 11 мың гектардан астам аумаққа 73 миллион түптен астам көшет отырғызылды. Бұл қадам әсіресе биологиялық тосқауыл жасап, топырақты қорғайды. Кәсіпорындарды жаңғырту және экологиялық таза технологияларды енгізу атмосфераға ластаушы заттардың үлестік шығарындыларын 15 процент қысқартты. Жергілікті билік суды үнемдеуге ерекше ден қойып отыр. Бұл бастамалар халықаралық ұйым өкілдері тарапынан жоғары бағаға ие болды.

СНХ: СУХРОБ ХОДЖИМАТОВ, БҰҰ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДАМЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Энергетика, жаңартылатын энергия көздері, қоршаған ортаны қорғау және климаттың күн тәртібіне қатысты салалар Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы бағдарламасының негізгі бөлігі. Осы мәселелерге үлкен көңіл бөліп отырмыз. Біз Қазақстанның климаттық күн тәртібіне, соның ішінде климаттың өзгеруіне және елдегі суды пайдалануға қатысты көптеген стратегиялар мен бағыттарды жүзеге асырып жатқанына өте қуаныштымыз.

РКС: Аграрийлер үшін көміртекті офсеттер қосымша мүмкіндік екені даусыз. Қоршаған орта үшін ғана пайдалы емес, сонымен бірге тиімді. Оны әлемдік нарыққа шығарып, сатуды енгізу тетіктерін әлі де жетілдіре түсу қажет. Десе де, бастамасы жаман емес.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ