ДИКТОР. «Көкшетау-Энерго» серіктестігінің басшылығы өз қарамағында қызмет ететін өзге ұлт өкілдерініңарасында «Ой-зерек» квиз-ойынын ұйымдастырды. Топтық үлгідегі логика мен креативке негізделген сайыс мемлекеттік тілге құрмет, қазақтың салт-дәстүріне ізетті насихаттауды мақсат тұтты. Ойынға қатысқан барлық ұлт өкілі қазақ тілінде сөйлеп, сұрақтарға жауап беріп, ұлттық нақыштағы көріністерін ұсынды. Нәтижесінде білімі мен мемлекеттік тілге деген құрметі үшін бас жүлдеге тігілген қомақты қаржыны «Білімге құштарлар» командасы ұтып алды.

РКС: «Шамшырақ , «Отандастар», «Әрқашан байланыста», «Армандастар», «Білімге құштарлар», «Наурыз көже», «Айбын» деген атаумен жеті топ өзара бақ сынасқан сайыс төрт кезеңнен тұрды.Өзін-өзі таныстыру, ой қыздыру, «BRAIN MIX» тақтасы,дәстүрлі алаң арқылы өзінің білімін ғана емес, әр сұраққа қазақ тілінде жауап берумен сыналған топ мүшелері бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келді. «Көкшетау-энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы өзінің қарамағындағы өзге ұлт өкілдерінің қазақтың салт-дәстүрін жақсы танып, біліп, өмірінде қолданғанын қалайды. Сондай-ақ әрбірі күнделікті қолданылатын қарапайым сөздерді білсе екен деген талабын да бірінші кезекке қояды.

СНХ: ДОСЫМХАН АРАЛБАЕВ, «КӨКШЕТАУ-ЭНЕРГО» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Бұл жердегі басты мақсат, өзге ұлт өкілдеріне біздің мемлекеттік тілді меңгеруге көмектесу,оларға жағдай жасау, әрне, бұл оңай шаруа емес, мотивация беріп отырмыз, қомақты қаржымыз да бар. Жақсы білім көрсеткендерге қаржылай көмек беретін боламыз. Екі ұлық мереке айт пен наурызға ұштастырып отырмыз.

РКС: Қазылар алқасы тіл жанашырлары, қаламгерлер мен білім саласының мамандарынан тұрды. Командалардың беташар, тұсау кесу, сырға салу, бесікке бөлеу, қырқынан шығару сияқты қазақтың салт-дәстүрінен ұсынған әр қойылымы тартымды, әрі креативті болғанына баға беріп қана қоймай, әр қатысушының тіл тазалығына, ойын жақсы жеткізуіне, тапқырлығына және белсенділігіне назар аударды.

СНХ: МИЛАНА ӘШІМБЕК, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫНЫҢ ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Наурыз мерекесінің қарсаңында , мемлекеттк тілге, ұлттық салт-дәстүрге деген құрметті көрсетеді. Бүгін жалпы жеті топ қатысып отыр,оның ішінде 28 қатысушы, осы квист ойыны арқылы өзміздің тіліміздің, мәдениетіміздің маңңыздылығын көрсетеміз.

РКС: Жеті команданың төрт сайысшысы жұмырықтай жұмылып, бірлесіп, бір-бірін қолдап, әр кезеңнен сүрінбей өтуге тырысты. Өздерінің ұжымынан тұрған көрермен де оларға қолдау білдіріп, қошамет көрсетті. Нәтижесінде тапқырлығымен, тартымдылығымен, тілдің тазалығымен суырылып алға шыққан «Білімге құштарлар» тобы гран-при жүлдесі – 4 миллион теңгені жеңіп алды.

СНХ : ЖЕҢІМПАЗДАР – «БІЛІМГЕ ҚҰШТАРЛАР» ТОБЫ: Гран-при аламыз деп ойлаған жоқпыз,дайындалдық, тырыстық, осы жүлдеге лайықтымыз деп ойлаймыз. Дайындық жақсы болды. Наурыз құтты болсын. Біздің басшымызға алғыс айтқым келеді. Наурыз құтты болсын.

РКС:3 миллион теңге мен бірінші орынға «Наурыз көже» тобы жайғасса, 2 миллион теңге мен 2-ші орынды «Шамшырақ» тобы қанжығасына байлады. «Отандастар» тобына 3-ші орын мен 1 миллион теңге бұйырды. Сонымен қатар 400 мың теңгенің ынталандыру сыйлықтарына «Армандастар», «Айбын», «Әрқашан байланыста» топтары ие болса, тіл жанашыры, ұлттық салт-дәстүрге құрметі, командағы дем берген белсенді, ұшқыр ойлы ойыншыларға да 50 мың теңгеден сертификаттар табыс етілді. Сондай-ақ, «Көкшетау-Энерго» басшылығы атынан аудандық, қалалық электр желілері филиалдарының бірқатарына қызмет көліктері тарту етілді. Алдағы уақытта да қазақ тілін құрметтеп, қолданыс аясын кеңейту мақсатындағы сайыстар жалғасын таппақ.

ШУМ:

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ