ДИКТОР: Көктемнің шуақты мерекесі - Наурыз мейрамы. Бұл күн табиғаттың ғана емес, адамдардың да жаңарып, бір-біріне ізгі тілек білдіретін ерекше сәт. Ұлыстың ұлы күнінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шара ұйымдастырылып, халық бірлік пен татулықтың маңызын тағы бір мәрте сезінуде. Осы орайда, Көкшетауда "Наурыз - бірлік пен татулықтың бастауы" атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға этнос өкілдері қатысты.
РКС: Наурыз - бұл жай ғана мереке емес. Бұл адамдарды жақындастыратын, татулық пен келісімді нығайтатын рухани құндылық. Қазақстан - түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан киелі мекен. Ал, бірліктің арқасында ел көркейіп, өркендейді. Өңірде 13 мыңнан астам этнос өкілі татулық пен достықта өмір сүріп келеді.
СНХ: НАТАЛЬЯ НАГАЧЕВСКАЯ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛЯКТАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Менің ойымша, біз бар күш-жігеріміз бен энергиямызды ескімен күресуге емес, жаңаны құруға бағыттауымыз керек. Осындай жақсы күн Ораза айт мерекесімен де ұласып жатыр. Бұл - баршамыз үшін айтулы дата. Қазақстан жеріндегі барлық адамдарды біріктіретін ортақ әрі біртұтас мерекеге айналды. Баршаңызға мол бақыт, қуаныш тілеймін. Ораза айт құтты болсын!
РКС: Наурыз - өткенді саралап, болашаққа үмітпен қарауға үндейтін мереке.
СНХ: ЕРМЕК НҰҒЫМАН, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Наурыз бұл достықтың, бірліктің мерекесі. Мыңжылдық тарихы бар наурыздың діни немесе ұлттық бастамасы жоқ. Бұл жалпыхалықтық мереке. Сондықтан, барлық шығыс халықтары бұл мерекені ерекше тойлайды. Өйткені, алты ай қыстан табиғат анамыз оянып, өзінің оянғанымен адамзат баласы да оянып, жаңарып, көрісіп, бір-біріне жақсылық, амандық тілейді.
РКС: Бірлік пен татулық үйлескен елде әрдайым береке мен бақ орнайды деп отыр шараға қатысушылар.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ