ДИКТОР: Көкшетауда әз-Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған «Наурыз нақыштары» атты жас суретшілер байқауының қорытындысы шығарылды. Іс-шараға шаhардағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты. Байқау ұлыстың ұлы күні Наурызды дәстүрлі түрде атап өтуге, жас суретшілердің шығармашылық мүмкіндіктерін арттыруға және қазақ мәдениетін насихаттауға арналған.

РКС: Көрмедегі суреттер көздің жауын алып, қазақтың қоңыр даласын, дәстүрлі киіз үйін, ұлттық ою-өрнектер мен домбыраның қоңыр үнін үйлестіре көрсетті. Байқауға 30-ға жуық туынды ұсынылды. Көрмені бағалайтын қазылар алқасы әр суретті мұқият қарап, шығарманың шеберлік деңгейіне, композициялық үйлесімділігі мен тақырыптың толық ашылуына мән берді.

СНХ: МАНАРБЕК БҰРМАҒАНОВ, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Біздің Көкшетау қаласында әжептеуір жақсы студенттеріміз өсіп келеді. Кескіндеме, майлы бояумен салынған апликация да болды, акварель де болды, графика да болды. Қолданбалы өнер, кілемше тоқылғандары да болды. Жүннен де басып шығарған өнер болды. Ол бәрі өте жақсы. Тақырып наурыз мерекесі. Сондай суреттер ашық біздің табиғатымызды, көңіл күйімізді көтеріп жатқан суреттер. Многофигуралық композициялар.

РКС: Байқауға қатысушылардың бірі – Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенті Жанель Мырзатаева. «Шығармашылыққа деген құштарлығым мен қылқаламға деген ынтам мені осы байқауда жетістікке жетеледі, әрі жаңа тәжірибе мен шабыт сыйлады», – дейді сурет иесі.

СНХ: ЖАНЕЛЬ МЫРЗАТАЕВА, А.МЫРЗАХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Суретімнің атауы қыз қуу. Картинамның сюжетінде қыз қуу ойыны. Бұл қазақтың сал-дәстүрлік ойыны. Ішінде аттың үстінде қыз бен жігіттің ойыны бейнеленген. Картинамда басты ролде бұл қыз бен ұл болып саналады. Ал артында Қазақстанның таулары және киіз үйлерді салдым. Сол картинамен жүлделі екінші орын алдым. Сол картинамда бұрынғы заманда ауылда жүріп жатқан наурыз мерекесін бейнеледім.

СНХ: ЮРИЙ ПОПОВ, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Оның жұмысы ерекше сәтті шыққан, жас суретші туындысына жанын салып, Наурыз мерекесінің шынайы бейнесін көрсете білді. Бұл жұмыс қазылар алқасының назарын аударды, композициясы үйлесімді, идеясы нақты және кәсіби деңгейде орындалған. Туындыдағы қар басқан асқар таулар, әртүрлі элементтердің үйлесімі, қозғалыс пен пропорция қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды. Барлығы жан-жақты бейнеленген, көрерменді ұлттық табиғат пен мерекенің шынайы атмосферасына жетелейді. Шынында да, бұл туындыға қараған адам өзін сол кең далаларда жүргендей сезінеді.

РКС: Қазылар алқасының шешімімен Саяжан Бекенова сайыстың жеңімпазы болып танылды. Жүлделі екінші орын Жанель Мырзатаеваға бұйырды. Үшінші орынды Хасаналишо Бандишов пен Саягүл Өмірзақова өзара бөлісті. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ